15.05.2024, 23:00
Оқылды: 72

Бөрлі ауданында қоғам белсендісімен кездесу өтті

Саясат – күрделі дүние.  Онымен  айналысу үлкен білімді, зерделеу,  аналитикалық ойлау қабілетін қажет етеді.  Бірақ солай бола тұра  қоғамдық ортада жүргендер өздерін саясаттан тыс ұстай алмайды. Өйткені «сен саясатпен айналыспасаң саясат сенімен айналысады» деген тағы бар.

Жақында облысымызға танымал қоғам белсендісі, саясаттанушы Табылғали Сапаров Бөрлі ауданына келді.  Әуелі аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың қабылдауында болып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Содан кейін қалалық №3 мектептің акт залында аудан мектептерінің директорлары және балабақша меңгерушілерімен, кітапханашылармен кездесті.

4

Уақытында бірнеше ауданды басқарған, өмірлік тәжірибесі мол, облысты бес саусағындай білетін Т.Сапаров осы ауданда  дүниеге келіп, балалық шағы өткендіктен  аудан халқын жерлестерім деп санайтынын айтты. Кездесуде Табылғали Сатқалиұлы әлемдік саясаттан көптеген мысалдар келтіріп, идиология мәселесіне тоқталды. Идиологияның басты құралы БАҚ болса, қазіргідей жергілікті басылымдарға жазылу науқаны кезінде мерзімдік баспасөзге жазылудың мәні мен мағынасын тарқата айтты. «Бүгінде қоғамда күрделі мәселелер көп - деді Т. Сапаров, – азаматтық қоғам құру,  бала тәрбиесі, мектептегі мұғалімнің ролі, қоғамдық кеңестің қоғам өміріндегі алатын орны, мектеп басшыларының ротациясы, т.б. Ал газет әуелден ашық пікірталастар алаңы. Сол газетті жаздырып алып қана қоймай, оны оқып, пікірлеріңізді газетке жариялап отырсаңыздар әлдеқайда ұтымды болар еді. Бұл орайда біз зиялы қауым өкілдері сіздерге сенім артамыз. Өйткені газет насихат құралы ғана емес, тәрбие құралы да. Яғни мұғалімдердің көмекші құралы бола алады».

Кездесуге аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова, аудандық білім бөлімінің басшысы Айымгүл Тржанова, аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Ермекбаев, «Жайық Пересс» ақпарат агентігінің бас редакторы Нұрбек Оразаевтар қатысты.

Жылы шырайлы кездесу аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» газеті редакторының (осы жолдардың авторы) мерзімдік баспасөзге  2024 жылдың II  жарты жылдығына жазылу  басталғанын хабарлауымен аяқталды.

                                                                                               Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале