Жеке адамның бойындағы ақыл-ой, ар-ұят, адамдық асыл қасиеттерді қалыптастыруда отбасының алатын орны ерекше. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты етіп өсіру әрбір ата-ананың міндеті. Ал осындай міндетті мүлтіксіз орындап жүрген елге сыйлы жанұялар біздің арамызда да аз емес. Солардың бірі – Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында тұратын Қалиевтер әулеті.
Кезінде «Мерейлі отбасы», «Мөлдір бұлақ», «Алтын ұя», «Отбасы – тіршілік тірегі» сияқты байқау-фестивалдерге қатысып, талай биікті бағындырған отбасыны аудан жұртшылығы жақсы таниды. Жанұяның тірегі Зейнолла Қалиев өңіріміздің Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылының тумасы. Сөзі мен ісі жарасқан, елгезек, ақкөңіл, үлкенге пейілді, кішіге мейірімді жан. Жолдасы Толқын апай да Қаратөбе топырағында туған. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өсіп, алтын құрсақты «Батыр ананың» тәрбиесін көрген ол бүгінде бір отбасының берекесін келтіріп отырған асыл жар, аяулы ана.
Зейнолла ағай отбасы жағдайына байланысты бірнеше жыл оқуға түсе алмай, әр жерде жүргізуші, ағаш шебері, егіс алқабында есепші, қарапайым жұмысшы болып қызмет атқарған. Кейін ЖОО-ға түсіп, М.Өтемісов атындағы пединституттан алған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы, апайдың Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжден алған музыка пәні мұғалімінің дипломы бойынша жұмыс іздейді. «Егіндібұлаққа барып, жұмысқа тұрғанымыздың өзі бір қызық оқиға. Ол уақытта ауыл мектебі бала саны жетпей, «орта мектеп» атағынан айырылғалы тұр екен. Жұмыс жоқ деп шығарып салып жатқан директор біздің бес баламыз барын естігенде жібермей алып қалып, екеумізді де қызметке орналастырған. Солай біз барған соң орта мектеп жабылудан аман қалып, балалар домбыра, өнер үйреніп, ауылға біраз пайдамыз тиген» деп күле әңгімеледі отанасы Толқын Исмағұлова. Кейін 2015 жылы Егіндібұлақ ауылынан аудан орталығына қоныс аударып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй алған. Одан бері қарай Зейнолла ағай Белес ауылдық округі әкімдігінде бас маман, аудандық білім беру бөлімінде кейін мәдениет және спорт бөлімінде бас маман болса, Толқын апай аудандық мәдениет үйінде әдіскер, директор боп қызмет атқарған. Қазіргі таңда Зейнолла Ғайноллаұлы өздері тұратын Мичурин ауылдық округінде әкімнің орынбасары, Толқын Мүрсәлімқызы мәдениет үйінің меңгеруші. Ауылды өркендету және мәдениетін көркейту бағытында екеуі де бар күш-жігерін салып қызмет етуде. «Балалардың бақытты балалық шағы, біздің жастық дәуреніміз өткен, еңбек еткен Егіндібұлақ, Белес, Переметный жалпы Бәйтерек ауданы бізге ыстық. Жұмыс бабымен ауылдарға бара қалсақ, бұрынғы әріптестермен арқа-жарқа болып амандасып, көңіліміз көтеріліп қалады» дейді олар.
Өнерімен елге сыйлы болған жанұя Нұртілек, Нұрдәулет, Нұрлыай, Алтынай, Бейбарыс есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр.
Жарастық орнаған шаңырақтың ғұмыры ұзақ болатыны белгілі. Амандық болса, келер жылы Қалиевтер отбасы күміс тойын тойламақ. Үйелмелі-сүйелмелі бала-шағаны бір шаңырақта өсіріп, ер жеткізіп отырған ата-ананың еңбегі ерен. Отбасының мерейлі әрі өнегелі болуы жанұядағы татулық, бірлікпен өлшенсе керек. Берекесі сүттей ұйыған шаттыққа толы шаңыраққа тек бақыт тілейміз.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы