Ауызбіршілікті көрсететін істердің бірі де бірегейі - сенбілік. Тазалыққа жаны құмар адамның істеген жұмысы да өнімді болмақ. Қоршаған ортамыздың мұнтаздай таза болғаны сіз бен біз үшін маңызды болуы тиіс. Тазалық айлығы аясында исі қазақ жұрты жұдырықтай жұмыла білді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі сенбіліктерге қарап, көз тояды.
Келелі істен теректіліктер де қалыс қалмады. Бүгін аудан әкімдігінен бастап, ауданымыздағы мекеме қызметкерлері өздерінің ғимарат маңын арамшөптен, қоқыстардан тазалады. Тал-терек түбін қопсытып, жасыл желектің тынысын ашты. Газет тілшілері мекемелерге арнайы барып, тазалық жұмысының жүру барысын көрді. Қызметкердің барлығы тазалық үшін барын салуда. Аудан тұрғындары да ауласындағы қоқыстарды тазалап, тазалық айлығына үлес қосып жүр.
Сенбілік тек науқан шеңберінде ғана емес, жай күндері де әдетке айналса, нұр үстіне нұр болар. Жанға жайлылық, көңілге сенімділік беретін еңбектің жұмысымызға серпін береріне шүбә жоқ.
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz