18.05.2024, 14:31
Оқылды: 117

Подстепныйдағы мектептің құрылысы биыл аяқталмақ

Данагөй бабаларымыз: «Бір жылын ойлаған халық бидай егеді. Жүз жылын ойлаған халық ағаш отырғызады. Мың жылдығын ойлаған халық ұрпақ тәрбиелеп өсіреді» деген екен. Заманымыздың жаңа парақтарына тәуелсіз еліміздің бодандық бұғауынан босанғаннан кейінгі төл тарихымыз жазылуда. Еркіндік алғалы Қазақстанның әлемге танылып, дүниені таңдандыратын жетістіктері де жетерлік. Бұл – еркіндіктің арқасы. Дамудың жарқын жолына түскен ел тарихында білім саласының алар өз орны бар. Мұндағы жаңашылдыққа бет бұру, оқу жүйесіндегі өзгерістер бұрынғы жүйені түбегейлі түрлендіруде.

image-18-05-24-08-30

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында білім саласына баса мән беруді тапсырып келеді. Білім беру сапасына ерекше мән беріп,  бұл істе озық жүйені қалыптастыру керек екенін басты назарда ұстады. Осы бағытта Теректі өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқан болатын.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек, — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан  Подстепный  ауылында көптен күткен қуаныш,  яғни жаңа мектептің құрылысы басталып кетті.  Негізі бұл ауылда қос мектеп бар. Дегенмен, тұрғын саны, соған сәйкес бала саны өскен ауылда тағы да бір мектептің қажет екені біраздан бері  айтылып келеді.  Енді міне,  ұлттық жоба аясында көлемі 12 мың шаршы метрді құрайтын 1200 балаға арналған білім  ошағының құрылысы қызу жүруде. Оны «Самрұқ-Қазына» АҚ компаниясы қаржыландырады. Ал мердігері — «СКФ Отделстрой» ЖШС.

image-18-05-24-08-30-2

- Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында бүгінде Теректі ауданы бойынша 19 жалпы орта білім,  10 негізгі, 6 бастауыш білім беретін мектеп, 11 мемлекеттік, 6 жекеменшік балабақша, 20 шағын орталық, 3 қосымша білім беру ұйымы бар. Енді, алдағы уақытта бұлардың қатарына Подстепный ауылындағы су жаңа мектеп қосылмақ.

Бұл құрылыс екі жылдық жоба.  Білім ошағының құрылысы  2024  жылы аяқталады,  - дейді Теректі аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Төлеген Серікұлы.

«Жайлы мектеп» аты айтып тұрғандай, оқушыға да, ата-анаға да ыңғайлы, қатынауға қолайлы, қауіпсіз болатын сыңайлы. «Ұлттық жоба» деп айдар тағылған бастама баянды болғай!

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале