Теректің ауданы Юбиленый ауылындағы Госплемстанция мектебінде оқып жүрген балалардың домбыра тартуға деген ынталары жыл сайын артып келеді. Бұған аталмыш мектепте ашылған қос домбыра сыныбы дәлел. Ең бірінші домбыра сыныбы 2021 жылы ашылған. Ансамбль атауы - «Теректім», жетекшісі - Бекжан Мырзаев.
- Бекжан - осы мектептің алғашқы түлегі. Оқуын тәмамдаған соң, өзі білім алған мектепке келіп, жұмыс істеп жүр. Кешегі шәкірт - бүгінгі әріптесіміз, - дейді Госплемстанция мектебінің директоры Гүлдариға Амандықова.
Айта кетейік, жас ансамбльдің жеткен жетістіктері де мол. Мәселен, облыстық «Атамұра», республикалық «Ұла дала ұрпағы», «Дарабоз», халықаралық «Арт Бәйтерек» сынды сан түрлі додалардан қоржын бос қайтқан емес.
Ал екінші домбыра сыныбы 2022 жылы құрылған. Сыныптағы ансамбльге «Болашақ» атауы берілген екен. Жетекшісі - Динара Әбуова.
- Ұлттық аспабымыз - домбыраны тартуды әжем үйретті. 2000-2005 жылдары Бөкей Ордасы ауданы Сайхын ауылында саз мектебiнде бiлiм алдым. Ұстазым Азамат Зайнуллин деген кісі болды. 2006 жылы Оралдағы «Мәдениет жане өнер» институтына түсіп, 2011 жылы домбыра сыныбын аяқтадым. Еңбек жолымды Дина Нұрпейiсова атындағы балалар музыка мектебiнен бастадым. Бұл жерде 13 жыл қызмет етіп, кейін Теректi балалар музыка мектебінің Госплемстанция филиалына ауыстым. Бүгінгі таңда Госплемстанция мектебінде жұмыс істеп жатырмын. Қазіргі уақытта «Болашақ» ансамблінің құрамында 11 бала бар. Олар «Тепеңкөк», «Нарағашы», «Шыныаяқ», «Еркесылқым», «Ертұран» т.б. Күйлерді орындап жүр. Қалалық, облыстық, халықаралық байқаулардан жүлделі орын алып жүрміз. Мысалы, «Жетi өнер» VII халықаралық шығармашылық фестивалiнен бас жүлде алып, Өзбекстанға жолдама ұтып алдық. Сонымен қатар республикалық «Жұлдызға жол» байқауынан II дәрежелі лауреат атағын қанжығаға байладық. Ал V халықаралық өнер байқауында 1-орынға ие болдық, - дейді ансамбль жетекшісі Динара Досжанқызы.
Самал Жолдығалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz