21.05.2024, 15:45
Оқылды: 48

Аудан әкімі бірнеше нысанды аралады

Аптаның алғашқы күні Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен округ әкімі Ақан Қапанов ауыл ішінің тазалығын тексеріп, құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады.

IMG_2176

Жоспарлы 9 бағытқа бақылау жүргізілді. Жергілікті қорымның қоршауына жауапты аудандық ардагерлер кеңесі қол күшінің жеткіліксіздігін жеткізсе, 2022 жылы қоныс аударған ауылымыздың солтүстік беткейіндегі 40 үй тұрғындары әдеттегідей жол мәселесін көтерді. Сонымен қатар 2023 жылы желтоқсан айында ауыл ардагерлері мен жауапты сала мамандары аталмыш баспаналардың жағдайын білу мақсатында ауылішілік сапар ұйымдастырып, ол туралы газетіміздің 52-санында тілге тиек еткен едік. Нәтижесінде біраз үйдің қабырғалары мен төбелерінен жарықшақтар пайда болып, кейбір шаңырақтың төбесінен су кеткені анықталды. Кеткен ақауларды көзімен көрген мердігер «СПС» ЖШС-ның маманы өз мойнына алып, жөндеу жүргізуге сөз берді.

IMG_2161

Алайда айтылған сөз айтылған жерде қалып, берген уәделер  орындалмапты. Көзделген мәселені аудан, ауыл әкімінен шешіп беруді сұраған тұрғындар сол аумақта орналасқан саябаққа жеміс ағаштарын егуді және өз пәтерлерінің айналасына қоршау жүргізуді ұсынды. Үй иелерінің қалаулары Алпамыс Жаңабайұлының тарапынан қолдау тапты. Келесі аялдама - ЛПУ қалашығын абаттандыру жұмысының жүйелі жүріп жатқандығына куә болдық.

IMG_2165

- Былтыр басталған келелі іс биыл шілде айының соңында аяқталуы тиіс, - деді аудан басшысы.

Ауылішілік жол жағдайын, «Ардагерлер» саябағындағы стрит воркаут мектеп бітіргендеріне 20 және 40 жыл болған мектеп түлектерінің ауылымызға тарту еткелі жатқан Жаңақалаға кіреберіс қақпаның құрылысын бақылап, АТП көшесінде жуырда ашылған құны 5 миллион теңге тұратын балалар ойын алаңы мен «Жас туристер станциясының» меншігіндегі шағын футбол алаңына да ат басын бұрды.

IMG_2183

 «Су – тіршілік көзі» демекші, аудан басшысы ауыз суы мен техникалық суға басым назар аударып, сала мамандарымен жеке тілдесті. Аудандық топтық су құбырының инженері Талғат Мұхамбетжановтың айтуынша, ауылдың оңтүстік батысындағы жаңа құрылыс көшесі тұрғындарының талап-тілегімен ауыз су құбырларының орны тегістелген. Ал  жергілікті «Коммунал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкері Ғайнолла Мирманов жыл сайын дәстүрге айналған шіріген құбырлардан атқылайтын су биыл да көшелерді көл дария қылып, тұрақты беруге мүмкіндік жоқ болғандықтан, айырып тастауға мәжбүр екенін  жеткізді. Көл суын беруде кездесетін қиындықтар жөнінде газетіміздің 16-санында жаздық.

Ауылішілік сапар кезінде Алпамыс Жаңабайұлы тұрғындардың тілегі мен мамандардың пікіріне құлақ түріп, ауыл әкіміне бірқатар тапсырма берді.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале