21.05.2024, 23:00
Оқылды: 98

Теректі өнерпаздары құрметке бөленді

Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылындағы «Бексұлтан» мейрамханасында ауданның мәдениет саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетілді.

FB_IMG_1716395087377

Мерекелік шараға Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

FB_IMG_1716395152653

Құрметті қонақтардың қатарында БҚО салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, өңіріміздің мәдениет саласының дамуына аянбай қызмет еткен Айдар Батырханов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, Теректідегі халықтық «Дат» театрының құрылуына сеп болған жан Мәулет Жұбатов, мәдениет саласының ардагері, Теректі аудандық мәслихатының төрағасы Әлжан Нұрғалиев және ауданның құрметті азаматы, облысымызға танымал өнерпаз Марат Сарбөпеев болды.

FB_IMG_1716395091613

Мейрамхана іші ерекше атмосфераға толы болғаны сезіліп тұрды. Ауданымыздың барлық ауылдарынан мәдениет саласы өкілдері тегістей жиналып, қызыл кілем үстімен жүрген өнерпаздарға қошемет ерекше болды. Шараның шымылдығын аудан өнерпаздары Әділбек Қожабеков, Данияр Балқасимов және Ерасыл Әлібеков «Біздер деген» туындысымен ашты. Одан кейін бірқатар жерлестеріміз түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Батыс Қазақстан облысы әкімі Н.Төреғалиевтің Алғыс хатымен Юбилейный ауылдық клубының меңгерушісі Бейбіт Қуанышқалиев және Подстепный ауылындағы «Жігер» коворкинг орталығының меңгерушісі Назгүл Рзағалиева марапатталды. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының алғысына кенелгендер қатарында Құмақсай ауылдық клубы меңгерушісі Ләйла Қаражігітова, аудандық деңгейдегі көркемдік жетекші Қайрат Сағидуллин, аудандық мәдениет үйінің хормейстрі Гүлназ Құсайынова, аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Дәурен Жұмағалиев, Абай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сайра Нұрғалиева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Гүлнұр Қалаханова бар.

FB_IMG_1716395095734

Су тасқыны кезінде қауіптің алдын-алу және оны сейілту жұмыстарына белсенді қатысқан Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Сағидоллинге Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанованың Алғыс хаты табысталды. Мәдениет саласының ардагері, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінде біраз жыл бас маман болып қызмет атқарған Римма Есенқызына БҚО салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының арнайы төсбелгісі ұсынылып, қошеметке бөленді.

Шағатай мәденеиет үйінің ұйымдастырушысы Әсел Әбілқасимова, Ақжайық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Ислам Мұратов, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Злиха Қалмағанбетова және аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Кәмшат Қадырғалиева облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры М.Жұбатовтың Алғыс хатын алса, Қандық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Индира Мұратоваға Ж.Молдағалиев атындағы ОӘҒК-ның директорының алғысы тиесілі болды.

Сонымен қатар бірнеше аудан өнерпаздары мен кітапханашылар Теректі ауданы әкімі Ә.Мұханбетжанованың және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Л.Сердалиеваның Алғыс хатын қолдарына алып, құрметке кенелді.

Шара аясында халықаралық, республикалық ән байқауларының жеңімпаздары, өңірге танымал өнер ұжымы «Grand Mens» тобы және күні кеше облыстық «Балдәурен» байқауында жеңімпаз атанған үлгілі «Өркен» балалар ансамблі әннен шашу шашты. Сонымен бірге, осы кеште республикалық ән байқауларының жеңімпазы, Теректінің мақтанышы, композитор, әнші Айбек Дәулетқалиевтің «Рәміздерім – қадірлім» әніне түсірілген бейнебаянының тұсауы кесілді. Мерекелік басқосу Теректі әншілерінің «Жайықтың өнерпаздары» әнімен түйінделді.

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале