22.05.2024, 9:45
Оқылды: 54

Жалпақталда әкелі-балалы жолшылар тұрады

Бір отбасында тұрып, бір мекемеде екеуі қатар жұмыс жасап, жетістікке жеткен жандар ауылда сирек кездеседі.

20240520182110_IMG_8326

Ұжым арасында осындай абырой-беделге ие болған әкелі-балалы Мұхамбет Тұяқбаев пен Ержан Мұхамбетов әріптестері мен ауылдастарының зор мақтанышы.

Олар Казталов ауданы Жалпақтал ауылындағы аудандық №41 жол пайдалану мекемесінде еңбек етеді. Жанұяның асқар тау әкесі жол мекемесінде механик қызметін атқарса, оның ұлы Ержан Мұхамбетов жас болса да сол мекеменің басшысы қызметін абыроймен жүзеге асырып келеді. Мұхамбет ағамыз 30 жылға жуық бір мекемеде жұмыс жасап құрметті жолшы атанса, Ержан Мұхамбетұлы да ынтымағы жарасқан тату ұжымды біліктілігімен бес жыл бойына абыроймен басқарып келеді.

− Жол мамандығын таңдап, жолшы болғаныма еш өкінбеймін. Осы кәсібімнен береке тауып, құрметті жолшы да атандым. О, бастан техникалық білімді меңгергесін алдымен көлік жүргізуші болып жұмыс жасап, кейін №41 Жалпақтал жол пайдалану бөліміне жұмысқа орналасып 30 жылға жуық осы мекемеде еңбек етіп келемін. Бүгінде ізімді қуған үйдегі кенже ұлым жол саласы мамандығын таңдап, жас болса да өзінің біліктілігімен осы мекемені абыроймен басқарып келеді. Мен ардагер жолшы ретінде жастардың болашағына бек сенемін, – дейді Мұхамбет ағамыз.
Сол секілді әке жолын қуып, жас күнінен жолшы болуды мақсат тұтқан Ержан Мұхамбетов те орта мектепті бітірісімен 2004-2007 жылдары мемлекеттік Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде оқып, кейін Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін тәмамдап жоғарғы білім алды. Алғашында жас маман ретінде Жалпақтал ауылдық округі әкімдігінде, кейін балалар жасөспірімдер спорт мектебінде жемісті еңбек етіп, 2020 жылдан күні бүгінге дейін №41 Жалпақтал жол пайдалану бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
- Туған ауылымда қызмет етіп жүрмін. Жұрт қатарлы мамандығымның қызығын көріп, кәсіби біліктілігімді шыңдаудамын. Үйлі-баранды болып, ұл-қызды да өсіріп, ата-ана атандық. Балаларымыз ата-әжесінің жанында бақытқа бөленіп өсіп келеді, – дейді Ержан Мұхамбетұлы.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале