Ана қадірін тірі кезде бағаламай, денсаулығы сыр берген байғұс ананың аузына бір ұрттам суды бере алмау – ұрпақ үшін өмір бойғы өкініш. Алаңсыз балалықтың қызығына батып, аяулы аналарының үнін естімей қалған қос перзентінің анаға деген махаббатын ерекше жеткізді, өзгеше сахналады... Көзге жас, көңілге ой салған көрініс көптің көкейіне сабақ салып, сан жүректерге жылы әсер қалдырды.
Форум көзге ыстық, көңілге жылылық сыйлаған көрініспен бастау алды.
Әйел-ана, әйел-басшы, әйел-ұстаз, әйел-кәсіпкер. Иә, тіпті әр әйел қазақ ұлтының эталоны. Маңызды форумға жиналғандар да міне сондай жандар. Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Ернар Аққалиұлы қоғамдағы қандай жағдай болса да бірлесіп жұмыс атқарған қоғамдық ұйым мүшелеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Уәлиоллақызы қоғамдағы аналардың рөліне баса мән бере отырып, форумның мәні мен мақсатына тоқталды.
- Құрметті ақ жаулықты аналар, әріптестер!Биылғы атаулы күндер «Аналар», «Әкелер» күндерімен толықты. Президент өз жолдауында «Азаматтық қоғамды нығайтуымыз керек» деп өз хабарламаарында айтып жатады. Азаматтық қоғам дегеніміз – ол біздің үкіметтік емес ұйымдар, оның ішіне ардагерлер, ақсақалдар, аналар кеңесі, әр түрлі деңгейдегі ансамблдердің тек жергілікті атқарушы органдардың қолынан келмейтін жұмысты бірлесіп атқаратын ұйым. Ұйымдар болып бірлесе жұмыс жасасақ, қоғам алға қарай жылжиды. Жаңағы көрген көріністердің барлығы біздің салт-дәстүрімізді насихаттайды. Дәстүрімізден біздер алшақ болмасақ, мықты ұлт боламыз. Қазақ халқы тал бесіктен бастап, ақ жаулықты әжеге дейін әйел адамдарды ерекше құрметтеген. Біздер осыны әрі қарай насихаттап, кейінгі ұрпаққа қалдыруымыз керек. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының бірі – ананы қорғау болып табылады. Бұл бағытта еңбек қатынастары бойынша да, әр түрлі әлеуметтік төлемдер төлеуде де бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша да қабылданып, қатайтылып жатыр. Бұның барлығы қоғамдағы аналардың мүддесін қорғау болып табылады, -деді өз сөзінде.
Форум барысында қоғамда өзіндік орны бар, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген ардақты аналарымыз аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шакенайқызы, аудандық №2 аурухананың аудит дәрігері Гүлнар Мүтиғоллақызы, кәсіпкер ИП «Рахмет», Jarkynai design studio жетекшісі, қолөнер «URSHYK» Республикалық қоғам бірлестігінің БҚО бойынша филиал директоры Жаркынай Рахметқызы, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Гүлбану Темешқызы Әйел-Аналардың қоғамдағы орны мен рөлін жөнінде, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ақыл кеңестерін айтып, өмірлік тәжірбиелерімен бөлісті.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы