Мамыражай мамырдың соңы болып қалды. Алтын ұя мектептерімен қоштасқалы отырған түлектердің бойын қуаныш пен қимастық қатар билеген. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектердің жайы туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиевтен сұрап, білдік.
Аудан бас ұстазының айтуынша, түлектердің білім сынағына дайындығы жаксы.
– Биылғы 2023-2024 оқу жылында 11-сыныпты 183 түлек аяқтағалы отыр. Соның 180-і тест тапсыруға ниетті. Бүгінгі таңда тест тапсыру білім министрлігінің емес, арнайы тест орталығының құзырында. Бұған дейін 11-сынып оқушылары тестті ақылы түрде тапсырып келді. Түлектер тестті екі кезеңмен тапсырады. Екі кезеңнің қорытындысын қарап, қай білім сынағынан көп балл жинаса, сол балды грантқа ұсына алады. Аудан бойынша бітіруші түлектер саны ең көп мектеп – Қ. Мырзалиев атындағы орта мектебі.
Былтырғы оқу жылында ауданда 17 «Алтын белгі» иегері болды. 17-сі де мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 8-і педагогика мамандығына түсті. Биыл 8 «Алтын белгіге» үміткеріміз бар. Үміткерлер «Алтын белгілерін» қорғап шығады деген сенімдеміз. Байқау сынақтарына 11-сынып оқушылары жыл бойы тест орталықтары мен интернеттегі түрлі сайттар арқылы мектеп мұғалімдерімен бірге дайындалып келді. Жақсы нәтиже береді деген ойдамыз. Былтырғы 180 мектеп бітіруші түлектеріміздің ішінде 105 оқушымыз грант иегері атанды. Биыл да деген білім жемісі жақсы көрсеткіш көрсетеді деген ойдамыз. Түлектеріміздің басым көпшілігі медицина мен педогогика саласын таңдап отыр. Биылғы түлектерге сәттілік тілейміз. Алдағы сындардан сүрінбей өтіп, ауданымыздың білім деңгейін жүзеге асуына атсалысады деген тілектестіктеміз. Бұл түлектер «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылға қайтып келсе дейміз. Себебі ауданда математика, орыс тілі, ағылшын тілі пәні мұғалімдері жетіспейді. Алдағы уақытта түлектер елге келсе, қош көреміз, - дейді Досжан Ересұлы.
Д.Тайшиевтің мәлімдеуінше, биылғы түлектерге мектеп бітіру кештері ұйымдастырылмайды. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту Министрлігі Ғ.Бейсембаевтың 2024 жылдың 30 сәуіріндегі жиналысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, 1-10 сынып оқушыларына 24 мамырда «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары болады. Ал 25 мамыр күні ауданымызда 9 және 11-сынып мектеп бітіруші түлектеріне арналған соңғы қоңырау шарасы өтеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітіру кештерін өткізу, табиғат аясына демалысқа шығу, мейрамханада тойлауға тыйым салынған. 9 және 11-сынып оқушыларына аттестат табыстау рәсімі 13 маусымда өтеді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz