Спорттық гимнастикадан 24-26 мамыр күндері әйелдер лицензиялық Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Фото: kazsports.kz
Бұл жарыста Қазақстан атынан Аида Бауыржанова, Дарья Ясинская, Арина Лебедева, Анфиса Иванова және Көркем Ербосынқызы бақ сынайды.
«Сары құрлықтың додасында көпсайыс бойынша Олимпиаданың 1 лицензиясы сарапқа салынады. Жолдама үшін 7-8 мемлекет қиян-кескі шайқас жүргізеді. Олардың арасында біз де бармыз»,- деді, спорттық гимнастикадан әйелдер құрамасының бас бапкері Надира Юнусова.
Жалпы бұл жарысқа 14 елден (Қазақстан, Қытай, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Филиппин, Солтүстік Корея, Сингапур, Шри-Ланка, Тайпей, Вьетнам, Өзбекстан) 50 спортшы қатысады.
«Мақсатымыз – бірнеше жаттығу түрінен финалға шығу. Артынша жүлде алу. Көшбасшыларымыз Аида Бауыржанова мен Дарья Ясинская сенім артамыз», - деп, Надира Юнусова сөзін түйіндеді.
Ересектермен қатар, жасөспірімдер арасында да 17-ші Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Оған 15 мемлекеттен 49 спортшы тіркелген.
Бұл бәсекеде еліміздің атынан Медина Қапбасова, Эвелина Ежова, Амели Мукушева, Радмилла Тарасова және Диляра Бағдауғали қатысады.