25.05.2024, 15:00
Оқылды: 78

Сырым лицейі түлектерін ұшырды

Бүгін Сырым ауданындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей түлектерін ұшырды.

IMG_1199

Директор Самал Батырованың айтуынша, биылғы түлектер – оқу орынын бітірушілердің IV буыны. Бүгін иығына лента тағып, білім көгін бетке алған жас қырандар лицей ашылған уақытта 7 сыныпқа қабылданған балаң балапандар еді.

Бес жылдың бедеріне қарап отырып, лицей өзінің о бастағы мақсат-мұратын орындағанын көреміз. Біріншіден –  аудандағы білімге дарынды оқушылар қала мен көршілес аудандағы гимназияларға кетіп қалмай, Жымпитыда қалды. Екіншіден – зияткер оқушылар мен үздік педагогтар бірлестігі Сырым ауданының білім саласын жаңа биіктерге сүйреді. Мәселен, лицейдің биылғы түлегі Талғат Ахонов мектепті бітірмей, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай тұрып, Астана халықаралық университетінің білім грантының иегері атанды. Ол биыл республикалық оқушылар олимпиадасында ІІІ орынға ие болған еді.

InShot_20240525_132817134

Лицейдегі соңғы қоңырау салтанатына Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев қатысты.

Жас түлектердің жанарлары жанып тұр. Көкіректеріндегі ақ арман көңілдеріне қанат бітірердей. - Ақ жол, айналайындар! - дейді оларға қарап тұрған ата-аналар. Осы сырбаз сәтті лицей түлегі, музыкант Әли Құмарғали пианиноның пернелеріне сыйдырды.

Сырым мектеп-лицейін 9 түлек аяқтады. Олардың ішінде “Алтын белгі” мен “Үздік аттестатқа” үміткерлер бар.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале