Бүгін сырымдық ұстаз Сания Отарова ҚР Оқу‐ағарту министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен марапатталды.
Министр Ғани Бейсембаевтің қолы қойылған куәлік пен медальді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешеніндегі түлектердің мектеп бітіру салтанаты сәтінде табыс етті.
Сания Отарованың еңбек жолы Өлеңті орта мектебінен басталды. Қарапайым тарих пәнінің мұғалімінен директор деңгейіне жетті.
Сания Лұқпанқызы аядай ауданда тұрып, алақандай мектепте қызмет етсе де, қазақтағы ағарту мен білім ісіне бір кісідей үлес қосқан адам. Ол Өлеңті ауылынан жаңа мектептің салынуына себеп болған қайраткер.
Әріптесі әрі ізбасары, Өлеңті орта мектебінің ізіндегі Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп- бөбекжай-балабақша кешенінің директоры Нұржауған Құлмұханова кейіпкер туралы:
Жаңа мектеп Сырым ауданының қоғамдық - саяси өміріне тың серпін берді. Оның 37 жыл еңбек жолында білімдегі мансабын тарихты оқыту жолына түскен сәттен бастап оның білім әлеміндегі саяхатқа саналы ғұмыры арналыпты. Сания ханымның көшбасшылық қасиеттері мен білім беруді дамытудағы стратегиялық көзқарасы оны мектеп қауымдастығының ажырамас бөлігіне айналдырды. Сания Лұқпанқызы инновацияны қолдайтын және ұстаздар мен оқушылар өркендей алатын атмосфераны қалыптастырады. Директор қызметін абыройлы атқарып, тарихи жетістіктерге бастама болды.
Айта кетелік, Сания Лұқпанқызы бір кездері Сырым аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Ұстаз есімі Қазақстан Республикасының «Ең үздік адамдар» энциклопедиясына енген.
Бауыржан Ширмеденұлы,
Сырым ауданы