25.05.2024, 16:07
Оқылды: 56

Құс қанат ғұмырлар қанат қақты

Ел ішінде қайталана беретін сөз болса да, жүректе жатталып қалған «тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген өлең жолдары әр түлекке ыстық шығар. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазған өміршең өлең бүгінде ұстаздардың оқушыларға айтар лебізін, шәкірттердің мұғалімдерге айтар алғысын көркемдеп тұр. Әсіресе оқу жылы басталар һәм аяқталар сәтте осы бір шумақ ұранымызға айналады. Бүгін оқу жылы түйінделіп, мектеп түлектері жаңа өмірге қадам басты. Он бір жыл бойы алған білімдерін жоғары оқу орындарында жетілдіруге ниет етіп, алтын ұясының сенімін арқалап барады. Теректі аудандық Федоров жалпы орта білім беретін мектебінде өткен түлектерге арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» іс-шарасында мектеп бітірушілердің таудай талабын көріп, жан жылыды.

FB_IMG_1716720657895

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Алтынай Сұлтанова, ардагер ұстаз Білікбай Қазиқанов пен Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, «Жұлдыз» би ансамблінің жетекшісі Жанар Тайшыбаева арнайы қатысты. Мемлекеттік Ту ортадан орын тауып, Гимн орындалған соң қонақтар мектеппен қоштасқалы тұрған түлектерге сәтті сапар тіледі.

-Мектеп түлектері, аяулы ұстаздар, ата-ана қауымы! Баршаңызды соңғы қоңырау салтанатымен құттықтауға рұқсат етіңіздер! 2023-2024 жылдарының оқу жылы аяқталып, жылдың қортындысына куә болудамыз. Мұны сіз бен біз үшін ұмытылмайтын тарихи сәт деп есептеймін! Аудан бойынша 295 түлек мектепті бітіріп жатса, 17-сі «Алтын белгіге» үміткер. Ендігі кезекте аудан сенімін ақтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы көрсеткішке ие болыңыздар! Жетістікке толы оқу жылының мәреге жетуі тағы да құтты болсын,- деді аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Баубекұлы.

FB_IMG_1716720667712

Боямасыз тілегін жеткізген аталған мектептің директоры Галина Құрматова білім ошағының жетістіктерін атап өтіп, озат шәкірттерге білім беру бөлімінің атынан алғысхат ұсынды. Ардагер ұстаздар ішінен сөз алған Білікбай Құбайысұлы түлектерге батасын берді. Құттықтау тілектер легін жалғастырған Жанар Жеңісқызы түлектер ішінде өз шәкірттері барын мақтанышпен айтып, би мен білімнің көшін сүйреп келе жатқан оқушылардың ертеңіне сенім білдірді. Сондай-ақ аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллиннің алғысхатын табыстап, сапалы тұрмыстық техникалар сатылатын «Sulpak»-тан қалағандарын сатып алу үшін 30 мың теңгелік сертификатты тарту етті.

FB_IMG_1716720660667

Он бір жыл қысқа жыл емес, яғни қиындығы мен қызығы ұштасқан салмағы ауыр жыл. Осы уақытта білім нәрімен сусындатудан бөлек жанашырға, жақын адамға айналған сынып жетекшілердің еңбегін айтпай өтуге болмас. Түлектерге шын тілекші сынып жетекшілері десек, артық айтқанымыз емес. Олардың аппақ пейілдері ортаға шығып, құттықтау тілектерін айтқандарынан білінді. Нұрзада Қапизова мен Мейрамгүл Нұрсұлтановаға, бастауыш сынып жетекшілері Ардақ Омарова мен Мира Тайбағароваға оқушылар мен ата-аналар тарапынан соғылған қошемет ұстаздар мерейін өсіріп тастады. Мұғалімдерінен соң оқушылар Ернұр Бұсұрманов, Назгүл Ғылымова, Дильназ Есенәлиева қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін әрі сауатты тілек жолдап, білімге құштар ұрпақ екендерін көрсетті. Осындай ізденімпаз түлектер соңынан ерген 4-сыныптың оқушылары аға-әпкелеріне арнап өлең оқып, ән шырқады. Түлектер де үн қосып, «Соңғы қоңырау», «Мектебім-ай» әндерін әуелетіп, қимастық сезімдерін білдірді. Бұл сезімді мектеп қабырғасындағы соңғы ырғақты вальс те еселеп жібергендей, толқып кетті. Ата-аналар бірінен соң бірі алғыс айтып, мұғалімдердің еңбегіне бастарын иді.

FB_IMG_1716720685422

Соңында өз армандарындай болған ақ көгершіндерін ұшырып, аспанға жарқын сеніммен қарады. Осылайша құс қанат ғұмырлар болашаққа қанат қақты. Самғаңдар! Талмаңдар!

Ақтілек Орынбасар,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале