Казталов ауданында мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі хақында түсірілген «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильмі таныстырылды.
Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының бастамасымен ұйымдастырылған тағылымды кешке аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында түсірілген деректі фильмнің тағылымы мол. Мұнда Қадыр хақында айтылған пікірлер, ұлы тұлғаның өзі айтқан насихаты қаз қалпында ұсынылып, ақынның оқырман біле бермейтін қыры ашылды. Бұл өнер және мәдениет саласының тағы бір деректі фильммен толыққандығының дәлелі.
Деректі фильмді және Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұжымының концерттік бағдарламасын тамашалаған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы ұлт руханиятын дәріптеп жүрген ұжымға ризашылығын білдірді.
— Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Қадыр – найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы - өзіміз сүйіп отырған дәуір мінездес» , - деп Қадырдың болмысы мен шығармашылығына лайықты баға берген.Сол болмыс «Қазақтың Қадыры» деректі фильмінде айқын көрініс тауып отыр.
«Бұл елге мен парыздар бір перзентпін, Қазақ деген боз інгенге ботамын!», - деп жырлаған ақынды туған жер, туған өңір жұртшылығының құрметтеуі, шығармашылығын насихаттауы үлгі боларлық дүние. Ақынның есімі әркез ұлықталып келеді. Дегенмен оның жарқын бейнесі өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс. Міне бұл тұрғыда «Қазақтың Қадыры» өзіне үлкен жүк артып отыр.
Деректі фильмнің жарық көруіне аянбай тер төккен «Қадыр мырза Әлі» атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұжымының еңбегі зор. Өнер мен мәдениет, әдебиет жанашыры, «Қадыр мырза Әлі» атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Әнуарұлына және орталық ұжымына артына өшпес із қалдырған найзағайлы ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеуге қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін! - деді аудан әкімі.
Қадыр орталығы мен «AQJAIYQ» телеарнасы бірлесіп қолға алған жобаға БҚО әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдау көрсеткен. Түсірілім тобында топ басшысы, осы идеяны ұсынған Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов, елімізге танымал журналист, «AQJAIYQ» телеарнасы директорының орынбасары Гүлмира Тілеубаева, телеоператор Алмас Адиетов, «Атамекен» өнер орталығының дизайнері Мақсат Тұяқ және Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының мәдени ұйымдастырушысы Айнабек Бисенғалиев бар.
Кешті Азат Мыңбаев жүргізді. Киелі сахнада Нұршат Исламғалиев, Ербол Ақбасов, Мәди Сабыр, Асланбек Қуаналиев, Мұрат Ахметов, Алтынбек Базаров сынды өңірімізге белгілі өнер майталмандарының орырдауындағы Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндер, Айнабек Бисенғалиев пен Орынбек Меңдіқұлдың айтысы көрермен жүрегінен орын алды.
Рухани, тағылымды кеш соңында көркем өнерпаздарға аудан әкімі атынан ықылас гүлі тарту етілді. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов сөз алып, мәдениет пен әдебиетке ден қойып, уақытын арнаған аудан жұртына алғысын айтты.
Айта кетейік, деректі фильмнің көрсетілімі Жалпақтал мәдениет үйінде және С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында ұйымдастырылды.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі