29.05.2024, 9:15
Оқылды: 67

«Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысын бастады

Жәнібек ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысын бастады.
InShot_20240529_084941015
Аудан бойынша биылғы еңбек маусымына 30 жасты тарту жоспарланған. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Әбдрешеваның айтуынша, жастардың жұмысын «Жасыл ел» облыстық штаб пен Жәнібек ауылдық округі әкімдігі бірігіп ұйымдастырған.
InShot_20240529_084954464
- Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады. Биылғы маусымда «Жасыл елдің» жастары облыстық штаб тарапынан 35 394 теңге, жергілікті жерден 85 000 теңге жалақы алады. Жалпы еңбек маусымына 35 жасқа дейінгі кез келген жас, соның ішінде студенттер мен оқушылар жұмысқа орналаса алады. Тек бастысы жасы 16-ға толған болуы шарт, - дейді М.Әбдрешева.​
Штабтың басты мақсаты – жастарға жұмыс тауып беріп, орналастыру. Ал атқаратын жұмысты жұмыс беруші тарап ұсынады. Еңбек маусымының алғашқы маусымында 10 жас ​ жұмысын бастап кеткен.​
- Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Аудан аумағындағы саябақтар мен қоғамдық орындарды көгалдандырып, гүлдендіру, сондай-ақ 1982 жылы мектеп бітірген түлектердің ауданның ғасыр тойына сыйға тартқан «Түлектер саябағын» абаттандыру жұмысы жатады. Барлығы бір үйдің балаларындай берілген тапсырманы бірлесіп орындайды. Жұмыс күні 8 сағаттық. Ал 16-17 жастағыларға 7 сағаттық жұмыс уақыты қарастырылған. Айлық уақытында төленеді. Әрі зейнетақы жарнасы жүреді. Сонымен қатар жастар киіммен қамтамасыз етілді, - деді ауыл әкімі Абзал Қаратаев.​
Аудан аумағында «Жасыл ел» жасағы алғаш рет 2014 жылы қолға алынған. Сол уақыттан бері бағдарлама жазғы уақытта жастардың демалысын тиімді өткізіп, қосымша қаржы табуын қамтамасыз етіп келеді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале