29.05.2024, 12:30
Оқылды: 66

Ақсайлық оқушы «Мектепке дейінгі қауіпсіз жол» жобасын дайындап жатыр

«Beginit by inDrive» байқауы оқушылардың тегін, сапалы білім алуларына бағытталған бағдарлама. Ол ауылдық мектеп оқушыларының әлеуметтік көшбасшылық қасиеттерін дамытуға арналған. «Мектепке қауіпсіз жол» атты жоба inDrive компаниясының бастамасымен 2017 жылы басталған екен. Қазіргі уақытта Алматы, Өскемен, Атырау және Қарағанды қалаларында жүзеге асырылған. Ал биыл еліміздің 6 өңірінде басталыпты.

3ada4440-990f-4097-9497-e317894cc44c

Бұл байқау 4 кезеңнен тұрады. Олар облыстық іріктеу кезеңі, білімдік модуль, Алматы тауларындағы лагерь және әлеуметтік жобаны жүзеге асыру. Байқау барысында оқушылар зерттеулер жүргізуді, жоба құрып, жоспарлауды, топта жұмыс істеп, өз идеяларын көпшілік алдында қорғауды, жеке бренд құруды үйренеді. Байқаудың басты мақсаты балалардың мектепке және үйге баратын жолдарын зерттеп, жол көлік оқиғаларынан және басқа да қауіптерден сақтау. Осы мақсатта әр қатысушы өзінің тұратын жерінің әлеуметтік мәселесін зерттеп, жоба жасап, көтеру керек.

2023 жылы өткен іріктеу кезеңіне еліміздің әр түкпірінен 800-ден астам бала осы жобаға қатысуға өтініш берген. Олардың ішінен тек 50 қатысушы ғана жартылай финалға өтіпті.

Жартылай финал 24-29 наурыз күндері буткемп форматында Алматы қаласында ұйымдастырылған. Қатысушылар 5 күн бойы еліміздің белгілі кәсіпкер, сарапшы және көбасшыларының қатысуымен өткен тренингтерге қатысқан. Нәтижесінде финалға қатысатын 37 бала анықталыпты. Финалда олар өздерінің осы уақытқа дейінгі алған білімдерін қолданып, жасаған әлеуметтік жобаларын қорғайды.

Облысымызда өткен іріктеу кезеңіне 300 бала қатысқан. Бөрлі ауданынан бұл жарысқа екі оқушы өтініш берген. Ал финалға өткендердің арасында төрт батысқазақстандық бар. Олардың біреуі Ақсай қаласының №4 мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Сексенбай.

Аружан бұған дейін бұндай үлкен жарыстарға қатысып көрмеген екен. Бұл оның алғашқы байқауы. Ол осы жарысты өзі әлеуметтік желіден көріп, қатысуға шешім қабылдапты. Кейіпкеріміз бағдарламаның мақсаты бүгінгі күні өзекті деп санайды.

- Мені жарыстың тақырыбы, мақсаты және бағдарламасы қызықтырды. Бұл байқау арқылы адамдармен дұрыс сөйлесуді, әлеуметтік мәселелерді шешуді үйрендік. Алматы қаласындағы лагерьде өткен тренингтер арқылы біз әлеуметтік көшбасшы қандай болу керектігін, әлеуметтік жобаның қалай жасалатынын білдік. Енді алдағы уақытта өтетін финалға біз осы үйренгеніміз арқылы өз ауданымыздағы әлеуметтік мәселелерден мысал келтіріп, жоба дайындауымыз керек. Қазіргі уақытта мен «Мектепке қауіпсіз жол» атты жоба әзірлеудемін, - дейді жас әлеуметтік көшбасшы.

27df22c2-3e5e-46d0-a44c-a2895c670226

Финалға өткен қатысушылар өздерінің үйлерінен мектепке дейінгі жолдың қауіпсіздігін зерттейді. Жоба жасау барысында олар тұрғындармен сауалнама өткізіп, жергілікті әкімдік, депутаттармен және полиция қызметкерлерімен кездесіп, дайындаған жобаларын көрсетеді.

Аружан осы жобасын дайындап, аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың қабылдауында болған. Кездесу барысында ол Еркебұлан Нұретдинұлына қаладағы балаларға қауіпті аймақтарды картадан және суреттен көрсетіп, көшелерге жарық, жаяу жүргіншілерге арналған жол мен тротуарлардың керектігін жеткізді. Аудан басшысы Аружанның жобасына өз ақыл-кеңестерін айтып, бастаған жобасына қолдауын білдіріпті.

62e9f2ac-ffb2-4906-9c32-76cee3c4ee24

- Менің жобамның мақсаты балалардың жол көлік оқиғаларына түсуін төмендету. Жобамды жасау барысында Ақсайда оқитын балалардың мектепке бару жолдарын зерттедім. Бүгінгі күні елімізде балалардың қатысуымен болатын жол көлік оқиғалары жиілеп кетті. Екі күннің бірінде әлеуметтік желіден мектепке бара жатқан оқушыны көліктің қағып кетіп жатқанын естіп, видеолардан көріп жүрміз. Кішкентай баланы көлік жүргізушісі жолдың қасында ағаштардың өсіп кеткенінен немесе жаяу жүргінші жолының жоқтығынан байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан мен осыларды ескеріп, балаларға қауіпті деп таныған аймақтарды жобама қостым, - дейді Аружан Русланқызы.

7acf94c4-ddf9-4cad-8e34-7a723f83901a

Жарыстың финалы маусымда Астана қаласында өтеді. Үздік атанған 20 оқушы inVision U inDrive университетінде толық грантқа ие болады. Байқаудың қорытындысы бойынша алты жеңімпаз анықталып, олар шетелде оқу сапары, бітіру емтихандарына дайындалуға арналған гранттар және компьютерлерге ие болады. Жобаның жаңа маусымы қыркүйек айында басталады.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале