1.06.2024, 14:30
Оқылды: 25

Талдыапандықтар Аққозы еліне асарлы көмек көрсетті

Мамыр айының жайма шуақ күнінде Казталов ауданы жұртшылығының атынан жолға шыққан үлкен делегацияның бағыт-бағдары Қаратөбе ауданының Аққозы ауылына қарай бой түзеді. Аталмыш делегацияның құрамында аудан әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық ветеринариялық станцияның директоры Нұрбек Ихсанов және «Бауырлар-НАРМ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев бар.

IMG-20240531-WA0086

Бүтін бір ауылдың аманатын арқалаған делегацияның мақсаты — өңіріміздегі төтенше жағдайға ұласқан су тасқынына орай жылу жинау арқылы асарлатып көмек қолын созған талдыапандық ағайындардың үлкен сәлемін жеткізу. Онда тасқыннан зардап шеккен аққозылық ағайындарға ел атынан көмек қолын созған талдыапандық бауырымыз Нұрлыбай Жолдыбайұлының тікелей бастамасын қолдаған аудан әкімдігі Талдыапан ауылдық округінің шаруа кожалық жетекшілерінің асарлау әдісімен жинаған 23 бас ірі қара, 5 бас жылқы, 46 қой-ешкісін шашау шығармай аққозылық ағайындарға табыс етті. Ел тұрғындарының тікелей ерік-жігерлерімен ұсынған алғаусыз көмегін тікелей жеткізу барысында делегация мүшелері Аққозы ауылының хал-жағдайларын өз көздерімен көріп келді.

IMG-20240531-WA0081

- Тасқыннан зардап шеккен ауылда жағдай өте күрделі екен. Тұрғын үйлердің көбі құлап қалған. Қора-қопсыларынан бөлек, тұрғындар бірнеше малдарынан айырылған. Қазіргі таңда сол ауылда 90 үйдің құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Аққозылықтар Казталов ауданы Талдыапан ауылынан келген асарлы көмекке қатты риза болды. Қаратөбе аудандық мәслихатының депутаты, әріптесіміз Қалимұрат аға бастап, аудан әкімі және барша тұрғындар көмек қолын берген казталовтық ағайындарға алғыс айтып, ыстық сәлемдерін жеткізуімізді өтінді. Біздер де өз тарапымыздан осы бастаманы көтеріп, жүзеге асуына тікелей ұйытқы болған Нұрлыбай Жолдыбайұлы ағамыз бен төрт түлік малдарды тасымалдауға көмектескен «Газель» жүк көлігінің жүргізушілеріне шынайы алғыс айтамыз. Елдің атынан жеткізілген төрт түлік малымызды жергілікті атқарушы органдар тізім жасап, өздері үлестірді. Ел басына күн туғанда қасынан табылған талдыапандық ағайынға аққозылықтар дән риза болды, — дейді Казталов аудандық мәслихатының депутаты Дархан Аябалиев.

IMG-20240531-WA0088

Ел иығына ауыртпалық түскен қиын- қыстау кезеңде ұйымшылдық танытып, бірлігі жарасқан осындай атпал азаматтардың барына біздер қатты қуандық.

Бірлігіміз ажырамасын, ауылдастар.

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале