1 Маусым – Балаларды қорғау күніне орай Жаңақала ауданына қарасты Бірлік ауылында балақайларға арналған ойын алаңы ашылды.
Ауыл бүлдіршіндеріне бұндай сыйды кәсіпкер азаматтар мен ауыл тұрғындары тарту етті. Ондағы мақсат бұл ауылда балаларға арналған ойын алаңы болмағандықтан ел ертеңіне айналар жас балғындардың дені сау болып, жазғы демалыстарын тиімді пайдалануға ықпал ету болатын. Алдымен сөз алған аталмыш округтің әкімі Ерболат Жақашев алаңға жиналғандарды мерекемен құттықтай келе бірлігі жарасып, игілікті іске атсалысқан жандарға алғысын білдірді.
- Көлемі 880 шаршы метрді құрайтын балалар алаңын салу 2022 жылдан жоспарланып, алдымен көгалдандыру жұмыстарынан бастаған болатынбыз. Әрине қаражат пен құрылыс жұмыстарына уақыт қажет, ауылдың белсенді азаматтарымен жергілікті тұрғындардың бірлігінің арқасында қаржы жинап, шама келгенше бүгінгі мерекеге орай аяқтадық. Құрылыс жұмыстарын жүргізген азаматтарға алғысым шексіз, - дейді игі істің басталуына мұрындық болған, ауылдың кәсіпкері Сағат Батырашев.
Мерекелік шара барысында ИП "Мөлдір" сауда нысанының иесі, ауылдың белсенді жастарының бірі Зергүл Сағатқызы алаңқайдың жеңіл жұмыстарына атсалысқан бір топ жеткіншектердің ата - аналына алғысхат пен естелік сыйлықтар табыстап, бөбектерге тәттілер таратты. Сонымен қатар ЖРО мамандары ерекше балаларды назардан тыс қалдырмай сыйлықтар тарту етіп, мерекелік жиын ән мен биге ұласты. " Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады" демекші жүздері бал-бұл жанған балдырғандарды қуанышқа бөлеген жандардың үлгі істерінің сауабы молынан болғай деген тілекпен тарқастық.
Зара Жәрдемова,
Жаңақала ауданы