Алаяқтардың адамдарды алдау тәсілдері шектеусіз. Жедел-тергеу жұмыстарының тәжірибесі бойынша аталған алаяқтық қылмыстарының орын алуы азаматтардың сенгіштігі және белгісіз қылмыскерлердің жалған ақпараттарын нақты тексермеу нәтижесінен болып отыр.
Батыс Қазақстан облысы ІІД баспасөз-қызметінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар алаяқтардың «қармағына» ілініп қалып жатады.
Бүгінгі күні амалға сенген адамдарды алдаудың тағы бір тәсілі анықталды, ол – банктің қомақты қаржысын иелену, яғни, әлдекімге несие алғызу. Жуырда 1991 жылғы «А» есімді азаматша қаладағы банктердің бірінде қызмет ете жүріп, алаяқтық іспен айналысқан. Ол тұрмысы төмен, қаражатқа мұқтаж жандарға «көмектесемін» деп уәде беріп, белгілі банктен қомақты қаржы алғызып отырған, бірінен 200 мың, келесісінен 500 мыңға дейінгі көлемде ақша алғызған. Несиені өзім төлеймін деп алдап, есесіне азды-көпті ақша ұсынған. Алайда, Орал қалалық ІІБ Абай Пб қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы кезінде аталған азаматшаның осыған ұқсас жеті бірдей қылмысқа барғаны анықталды. Тергеу ісі жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 8 айында алаяқтық қылмысы бойынша 576 факті тіркелсе, соның 426-сы анықталды, яғни, қылмыстың ашылуының 74,5%-ын құрап отыр.
Тағы бір алданудың түрі – ол ақшаны қарызға беріп, оны қайтарып ала алмау. Сондықтан, облыс және қала тұрғындары аз танитын адамдарға ақша бермегеніңіз абзал.
Құрметті азаматтар, бұндай жағдайға тап болған кезде тікелей «102» нөміріне қоңырау шалуыңызды немесе бірден ішкі істер органдарына хабарласуыңызды сұраймыз. Барлық хабарламалар белгіленген тәртіпте қаралатын болады.
Асылай Губашева
БҚО ІІД баспасөз қызметкері