2.06.2024, 11:00
Оқылды: 114

Шарлапаев шарлап жүр

Су тасқыны өңір аймақтарын шайып өтіп, тұрғындарға көптеген шығын келтірді. Бір мезетте тасыған судың зардабын қарапайым халық тартып отыр. Баспаналарын басып кірген тасқын облыс жұртшылығының үйлерін жарамсыз күйге түсірді. Жарамсыз болмаған күннің өзінде аса күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң тапсырма беріп, ел жағдайын түзету үшін іс қылып жатқанын естіп, көріп жүрген ағайынның көңілі орнында ма? Нақтырақ айтсақ, Қаратөбенің Қоржыны, Сырымның Өлеңті мен Бұлдыртысы, Теректінің Подстепный мен Аңқатысы тасқынға тап болып, ауыл жұрты тентіреп кетті.

IMG-20240601-WA0073

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт-Кемелұлы назарға алған жағдай үй-күйсіз қалғандарға баспана салумен жалғасуда. Теректі ауданының өзінде бірнеше мердігер компания құрылыстың қызу жұмысына кірісті. Ал құрылысты қадағалау, сапасына көңіл бөлу, ескертпелерді жеткізіп, нәтиже шығару жауапты басшылардың қолында екені белгілі.

IMG-20240601-WA0067

Аталған ауылдарды шарлап жүрген Қазақстан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Аңқаты ауылына атбасын тіреді. Облыс әкімінің орынбасары, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту мәселелеріне жетекшілік ететін Тілепберген Каюпов, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова салымен қоса малы суға кеткен тұрғындардың тұрмысын баяндап, құрылыс жұмыстарын көрсетті. Қанат Бисимбайұлының өңірге сапары белгілі бір бағдарламаға құрылмаған. Яғни жағдайы едәуір ауыр халықпен еркін тілдесіп, кез келген құрылыс ортасынан табылғысы келген. Басшылардың тарапынан жасалған әрекет осындай болуы тиіс деп есептедік. Сапалы жұмысты талап еткен министр тасқыннан кейін тасып жатқан іске салғырт қарамауды талап етті.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале