2.06.2024, 20:26
Оқылды: 94

Оралда Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мейрам жыл сайын дәстүрге сай салтанатпен аталып өтеді. Биыл да Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында «Балғын балалық шақ!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.

IMG-20240602-WA0065

Шаттыққа толы көңіл күй, ән-бимен көмкерілген жиынға 1500 оқушы қатысып, өнер көрсетті. Алдымен, кеш шымылдығын мектепке дейінгі ұымның 100 тәрбиеленушісі «Бипыл» биімен ашты.

IMG-20240602-WA0054

Одан кейін түрлі деңгейдегі білім додаларында облысымыздың абыройын қорғап жүрген олимпиада, ғылыми жоба сайыстарының жүлдегерлері, халықаралық «Robotek Grand Tournament», «RoboLand - 2024», «NatRoboCom» байқауларының жеңімпаздары, сондай-ақ қала мектептеріндегі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының қатысушылары, Оқушылар сарайының республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген өнерпаздары және волейбол, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі сынды спорттық сайыстардың чемпиондары алаңмен шеру жасап, шараның шырайын ашты.

IMG-20240602-WA0060

Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, жас батысқазақстандықтарға бейбіт өмір, сыңғырлаған күлкі толы бақытты балалық шақ тіледі.

IMG-20240602-WA0055

- Ең алдымен, мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі - балаларды бүгінгі керемет әрі қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш мереке қарсаңындағы құттықтау сөзінде «Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау - мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Мемлекет жылдан жылға бұл бағыттағы жұмысты күшейте түседі. Өйткені жас ұрпақтың мықты азамат болып өсуі еліміздің тұрақты дамуына және баянды болашағына жол ашады» деген болатын. Бүгіндері елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде бүлдіршіндердің емін-еркін өсіп-жетілуіне, жан-жақты дамып, алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Балақайларымыздың ертеңі баянды болып, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта берсін. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз, - деп сөзін сабақтаған өңір басшысы Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бейнероликтер, эссе, сурет салу байқауларының жеңімпаздарына диплом және естелік сыйлықтар табыс етті. Жеңімпаз-жүлдегерлермен бірге естелік суретке түсті.

IMG-20240602-WA0056

Алаңға жиналған өңір тұрғындары аниматорлармен бірге ойын ойнап, жас өнерпаздардың әсем әнін тыңдап, ырғақты биіне қосылды. Шара соңында «Бақытты балалық әлемі» композициясы сахналанып, келушілер отшашуды тамашалады. Мерекелік кештен кейін балақалар ашық аспан астында мультфильм тамашалап, алаңда орналасқан аула клубтарының шығармашылық жұмыстарын тамашалады.

IMG-20240602-WA0061

Айта кетейік, биыл Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен балалардың мәселелерін шешу және олардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың рухани және физикалық дамуына жәрдемдесуде қоғамның тұрақты назарын қалыптастыру мақсатында «Алтын балалық шақ» декадасы бастау алды.

IMG-20240602-WA0062

Декада «Отбасы аясында», «Таланттар шеруі», «Денсаулық лигасы», «Бірлік – тірлік тірегі», «Қауіпсіздік пен мейірімділік әлемінде», «Garmonia», «Досыңа қуаныш сыйла», «Zhaz online», «Атадан балаға мұра» тақырыптарымен жалғасын тауып, балалар үшін тағылымды шаралар, экскурсиялар, қызықты ойындар мен тағы басқа іс-шаралар өткізілмек.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале