3.06.2024, 11:00
Оқылды: 185

Шыңғырлау ауданына қарасты Ақтау ауылының 70 жылдығы аталып өтті

Шыңғырлау ауданына қарасты Ақтау ауылдық округі Ақтау ауылының құрылғанына 70 жыл толды. Атаулы күн ауыл маңындағы кең алқапта аталып өтті. Тобықтан аса берген көкмайсаға ақшаңқан он киіз үй тіктірген ақтаулықтар қыс қысып, көктем әбіржіткен көпшілікті табиғатта еркін тыныстасын дегендей кең даланың аспанын әнге, төскейін дүбірге толтырды.

0E357A5A-E014-4CDD-87D4-13162CC4B014

Туған жерім, армандарға есіксің,

70 жылдың белесіне көшіпсің.

Қасиетіңнен айналайын Ақтауым,

Өсіп-өнген ел жұртыңа бесіксің! - деп басталған «Ауылым – қасиетті мекенім» тақырыбындағы мерейлі мерекесінде Ақтауда туып, ғұмыры осында өткен, бүгінде бақиға аттанған арамызда жоқ барша ақтаулықтардың рухына құран бағышталып, еске алынды.

0BAF62A5-FED6-4BFF-B0BD-F3EB43D2A698

Осы ауылдың тумасы Сансызбай Сұлтанғалиев жерлесіміз Нұрбай Қазымовтың сөзіне жазылған Ұзақбай Сұлтанғалиевтің «Торыатбас толғауы» әнін шырқап, аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев барлық ақтаулық ағайынды мерейлі мерекемен құттықтады.

Бұдан әрі бұрынғы «Белогор» совхозы, бүгінгі Ақтаудың тарихында еңбегімен ізі қалған, өмір жолы өнеге, еңбегі осы ауылған сіңген жандарды марапаттаумен жалғасты.

4F5B97A9-E5B1-4228-A9A3-42061B0EF303

Аудан өнерпаздары мен осы ауылда туып, өзге өңірлерде жүрген елдің тойына ерекше әндерін ала келген бірқатар әншілердің, сондай-ақ жерлесіміз Қайрат Темірғалидың сиясы кеппеген жаңа туындысы «Ақтауым – алтын бесігім» әні шырқалды. Осы тұста тұсауы жаңа кесілген әннің байғазысы ретінде ауыл азаматы, аудандық мәслихат депутаты Тыныш Иманғалиев композиторға бір жылқы мінгізгенін де атап өткен жөн.

Бұдан соң жиналған жұртшылық киіз үйлерден түскі ас ішіп, тойдың жалғасы далалық ұлттық ойындарға ұласты. Мерейлі тойдың аяғында жеңіпмаздар «Тай бәйге», «Тоқ бәйге» және «Аламан бәйгеге» ұласып, жеңімпаздар орындарға тігілген тайөгіз, жылқы, мотоцикл, тұрмыстық қымбат техникалар, аламан бәйгенің І орынына тігілген 1 миллион теңгені иеленді.

D429C571-3DEF-4EA2-878F-74632BDB60C1

Ауыл тойын әдемі ұйымдастырған ақтаулық азаматтардың ауызбіршілігі, бір кісідей біріккен ұйымшылдығына барған, көрген, қатысқан ел разы боп тарасты.

Қаршыға Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале