Банктің заң кеңесшісіне арнайы операцияны бұзғаны үшін сот үкімі шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Фото: depositphotos.com
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты соталды тергеу жүргiзуге кедергi жасау дерегі бойынша Б.-ға қатысты істі қарады. Б. қызметтік міндетін атқару кезінде соталды тергеуден түскен сауалда танысы туралы мәліметті көрген. Кейін ол танысы К.-ге қоңырау шалып, қылмыстық іс бойынша оның туысына қатысты мәліметті хабарлаған.
«Банк қызметкері Б.-ның әрекеті салдарынан ұлттық қауіпсіздік органдарының Астана қаласына атыс қаруы мен оқ-дәрілерді жеткізудің жолын кесуге бағытталған арнайы операциясы бұзылды. Осылайша, Б. өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, соталды тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне қасақана араласқан. Бұл ұлттық қауіпсіздік органдарының қылмыстық істің алдын алуға бағытталған операциясының жүзеге асуына қауіп төндірген», - деп жазылған хабарламада.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамалары мен мамандардың қорытындыларымен дәлелденді.
Сот үкімімен Б. 1 жыл мерзімге банк қызметі саласында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.