6.06.2024, 17:45
Оқылды: 137

Көктемгі су тасқыны: Подстепныйда баспана беріле бастады

Тасқын судың салдарымен күресу әлі де жүріп жатыр. Аудан халқының көп бөлігі шоғырланған Подстепный ауылында 595 тұрғын үй шығынға ұшырады. Олардың барлығына техникалық сараптама жүргізілді.

87039BFB-30BE-4AA3-B369-72811A3D6197

Жалпы Подстепный ауылы бойынша 116 тұрғын үй жарамсыз деп танылған болатын. Соның ішінде суған кеткен 106 үйдің құрылысы басталып кетті. 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп күтілуде.  Ал қалған 10 тұрғын дайын үй сатып алуға келіскен. Олардың алтауы жалпы соммасы 22 млн теңгеге баспана тауып, көшудің қамымен жүр. Қалғаны өздеріне ыңғайлы тұрғын үй іздеуде. 

Сараптама қорытындысына сай тұрғын үйлердің күрделі жөндеуін бағалау жұмысы жүргізіліп, 290 үйді жөндеуге  638,0 миллион теңге төленген.  

Бүлінген жылжымалы мүлік бағаланып, оны өтеу жұмыстары да жүргізілген. Қазіргі уақытта 246 тұрғынға 96,9 млн теңге берілген.

Подстепный ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Зоя Маселемованың мәселесі оңынан шешілген. Өзі тұрған үй жарамсыз деп танылған соң, мемлекеттің қолдауымен дайын баспана сатып алуға ниеттенген.  Бағына орай байырғы иелері басқа қалаға қоныс аударуына байланысты үйлерін сатылымға қойған екен. Іргетасы 2018 жылы қаланған, жап-жаңа үй Зоя апайға бұйырды.

3F0C5BB0-9A3D-4CB6-83BC-55DC1077479A

– Осы уақытқа дейін Абай көшесінде тұрдым. Табиғи апаттың салдарынан үйіміз жарамсыз болып қалды. Тасқын басталған уақыттан бері үлкен баламның үйінде тұрып жатырмын. Төтенше жағдай жарияланған сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірімізді аралап, халықпен кездесіп, ешкім де ескерусіз қалмайды дегені күпті көңілге медеу болғандай. Тасқын кезінде барлығы жедел қимылдап, апатты аймақтан алып шықты. Облыс, аудан, округ әкімшілігі де қолдау білдірді. Комиссия шешімімен жаңа үй сатып алып отырмын. Жаңа үйім қатты ұнады. Іші кең, үш бөлмесі бар. Мен сияқты үй-күйсіз қалған жерлестерім өз баспаналарына тезірек орналасса деп тілеймін, - деп Зоя апай қуанышымен бөлісті.

Подстепный ауылының тұрғыны Айгүл Бисенова да тасқын судан зардап шеккендердің бірі. Баспанасы жарамсыз деп танылған тұрғын арнайы комиссия үшін қажетті құжаттарды тапсырып, нәтижесінде күні кеше жаңа қонысының кілтін алды.

– 2007 жылы үй салып, осы уақытқа дейін сонда тұрдым. Бірақ биыл апаттан соң баспанам тұруға жарамсыз болып қалды. Топан су айналып келіп бізді екі рет басты. Үш аптаға жуық көршілеріміздің үйінде тұрдық. Апаттың беті қайтқан соң, өз үйімізге қайта оралып едік. Сөйтсек, үйіміз құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Едені көтеріліп, жағымсыз көгерген иіс шықты. Апат орын алғаннан кейін комиссия мүшелері үйлерді аралап, бағалау жұмыстарын жүргізді. Олардың кеңесімен барлық құжатымызды тапсырдық.  Аз ғана уақыт ішінде бізге таңдау берілді және үйді де өзіміз таптық. Өте қатты толқып жүрмін. «Үй сатып аламын» деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірмеген. Бұл бір ғажайып оқиға болды. Тұрғын үй 126 шаршы метрді құрайды. 12 сотық жері бар. Бұл үй – кез келген адамның арманы.

Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдарға қандай тапсырма бергенін бақылаумен болдық. Ол өз сөзінде тұрып, бізді далада тастамады. Жергілікті әкімдік қызметкерлері де күні-түні хабар алып отырды. Қиын күндер артта қалды деп ойлаймын. Жаңа баспанамда отбасыммен бірге жаңа өмір бастаймын. Қолдау танытқан барша жанға алғысым шексіз, - деп ерекше бала тәрбиелеп отырған батыр ана ерекше алғысын жеткізді.

Подстепный ауылдық округінде құрылыс жұмысы қайнап жатыр. Апатты деп танылған үйлер бұзылып, орнына  80 шаршы метрді құрайтын жаңа үйлер салынуда.

631F525B-D68C-4228-AA5A-8366674568B5

Тұрғын үй салу жұмыстарын «Отделстрой», «СВС Батыс», «Атамекен Инвест», «CHRYSTAL GENERATION LTD», «ГрадИндҚұрылыс», «BETA Servicom», «Batys Kurylys Servicom» сынды бірнеше құрылыс компаниялары жүргізуде.

– Облыс орталығына жақын орналасқан Подстепный ауылында 2010 жылдан бері тұрамын. Наурыз айының аяғында күтпеген жерден қарғын су келіп, Төле би көшесін түгел су басып кетті. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Комиссия мүшелері келіп, үйдің жағдайын, жарамсыз мүлкімізді бағалады. Әзірге ескі үйімізде паналап отырмыз. Жаңа баспананың іргетасы құйылып жатыр. Әрине, тасқын қайтқаннан кейін «Қартайған шағымызда баспанасыз далада қалып қоямыз ба?» деген күдік болғаны жасырын емес. Қазір құрылыс басында жүргіп, көзбен көрген соң, күдігіміз сейілді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа дән ризамыз, - дейді подстепныйлық  Қошан Даржігітов.

Мамыр айының ортасында подстепныйлық  Азамат Салимовтың ауласында құрылыс енді басталып жатқан-тұғын. Арада бір ай уақыт өткенде тұрғын үйдің іргесі қаланып, шатыры жабылуға дайын тұр.

– Жарамсыз деп танылған үйімнің орнына су жаңа баспана салынуда. Мердігер «Отделстрой» құрылыс компаниясы үйді қыркүйекке дейін аяқтап береміз деп отыр.  Баспанамыз салынып біткенше пәтер жалдап тұрамыз деген шешімге келдік. Мемлекет басшысына, аудан әкімшілігіне зор ризашылығымды білдіремін, - дейді Азамат Құбашұлы. 

Балнұр Қанаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале