7.06.2024, 11:30
Оқылды: 67

Adam Фарух пен Александр Винокуров бастаған 7 адам «Қазақстанның Ізгі ниет елшісі» атанды

Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстанның Ізгі ниет елшілері» жобасының тұсау кесіліп, 7 адамға ресми төсбелгі мен тиісті диплом табысталды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

D2F2F469-B212-42C2-BC23-5318003FC9AB

Коллаж: olympic.kz

Айта кету керек, аталмыш жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған.

Іс-шарада сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жаңа жобаның мақсатына тоқталды.

«Әлемнің 75 елінде 114 шетелдік мекемеміз бар. Өткен жылы біз шет елде 3 жаңа мекеме аштық. Биылғы жылы қосымша 2 елшілік, 1 тұрақты өкілдік және 4 бас консулдық жұмысын бастады. Жылдың соңына дейін тағы 5 мекеме ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда шет елдердің 71 елшілігі мен 25 консулдық мекемелері және 33 халықаралық ұйымның өкілдіктері аккредитация алған. Қазақ елінің жеті бірдей көрнекті өкілін Ізгі ниет елшісі ретінде тағайындау да осы бағыттағы Мемлекет басшысының бірізді әрі төрт шұғыласы тең сыртқы саясатына үлкен қолдау деп білеміз. Көпұлтты халқымыздың келісім мен диалогқа деген дәстүрлі ықыласына сай генетикалық коды сыртқы әлеммен мазмұнды және өзара тиімді қарым-қатынастардың кепілі. Біз мұны шетелде насихаттауымыз абзал», - деді министр.

Ресми түрде «Қазақстанның Ізгі ниет елшілері» құрметті атағын алғаш болып иеленген 7 адамның тізімі мынандай:

Әлемге әйгілі музыкант, Mission Aral экологиялық жобасының авторы Марат Бейсенғалиев;

2012 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров;

Халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі, суретші Кәріпбек Күйіков;

TikTok әлеуметтік желісі арқылы «Жүрек» туындысымен әлемге Adam атымен танылған әнші Мирфарух Мирхидай;

«Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» кітабының авторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров;

Н.Тілендиев атындағы «Отырар» сазы мемлекеттік академиялық оркестірінің бас дирижері Динара Тілендиева;

«Ауылдағы спорт» қозғалысының негізін қалаушы Сергей Цирульников;

Танымал кардиохирург Юрий Пя.

СІМ жобасы БҰҰ Даму бағдарламасының, UNESCO, UNICEF ұйымдарының тәжірибесі негізінде шетелдік аудитория назарын Қазақстанға аударуды, «жұмсақ күш» арқылы мемлекеттің абыройын нығайтуды көздейді.

Ізгі ниет елшісі атануға үміткерлер Қазақстан азаматтығының болуы, өз ісінің нағыз маманы ретінде халықаралық деңгейде танымал болуы, кіршіксіз моральдық келбеті, «Ізгілік елшісі» миссиясын орындау жөніндегі төл бағдарламасының болу сияқты өлшемшарттар негізінде іріктеледі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале