Жақында Ресей Ғылым академиясының құрылғанына 300 жыл толуына орай Мәскеу қаласында алқалы жиын өтті. Бұл ауқымды іс-шараға Қазақстан тарапынан ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Қазақстан математиктер қауымдастығының президенті, танымал ғалым, академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы қатысты.
Ресей ғылымының қазіргі қаймағын жиған басқосуға белгілі өндіріс командирлері, мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық мекеме-кәсіпорындардың басшылары қатысты.
1724 жылы І Петрдің ұйғарымымен ұйымдастырылған аталмыш ғылым ордасы бүгіндері әлемдік ғылымның дамуына айтулы ықпалы бар аса көрнекті ғалымдардың басын қосқан әлемдік деңгейдегі ірі ғылыми орталыққа айналды. Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Д. А. Медведевтің құттықтау сөзінен кейін негізгі баяндаманы Ресей Ғылым академиясының президенті, академик Г.Я.Красников жасады.
Жарыссөзге шыққан Ресей Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы, академик М.В.Дубина және де басқа жиынға қатысушылар әлемнің ғылымды дамытуға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Әлкеш Қалқаман