13.06.2024, 9:02
Оқылды: 68

Мұхиттың мұрагерлері Марабай топырағына барды

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген хакім Абайдан асып, жарытып не айта аламыз? Расында біз дүниеге келгенде бесік жырына тербелеміз. Кейін «жоқтау» айтылады. Өмір есігін ашқанда һәм бақимен қоштасқан аралықта ғұмырымыздың көбі әнмен өрнектеледі. Соның ішінде қазақ қазынасының ішінде ойып тұрып орын алатын дәстүрлі ән өнерінің жанға сыйлайтын азығына не жетсін?

8E749BB4-60DD-4650-9B6C-A74BFD59074B

Әннің төресі қара домбырамен әуелеп, әртүрлі ұлттық аспаптармен жарасым табады. Дәстүрлі әннің бір-біріне ұқсамайтын ерекшелігі аймақтық мектептердің тәжірибесінен деуге болады. Арқа, Жетісу, Батыс Қазақстан мектептерінің өзіне тән ырғағы, орындалуы бөлек болғанымен қазақтығымызды айшықтайтын ортақ саздың лебі еседі. Нақтырақ айтсақ, белгілі бір шеңбер жоқ. Шын талант өзге мектептің әндерінеш шімірікпей шырқай алады. Енді өзіміздің Батыс Қазақстандағы ән мектебіне ат басын бұрайық. Ауданымызда «Мұхиттың мұрагерлері» атты батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің тапжылмай көруге тұрарлық кеші өтті. Сахна шымылдығы «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ернар Өмірәлінің орындауындағы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем Қазақстан»әнімен ашылды. Кешті тізгіндеген Дәулеткерей Құсайынов:

Аты қалмаған ерден аты қалған төбе артық»дейді. Қазақтың қай ауылына барсақ та, өздерінің осы топырақта туған тұлғалары алдыңнан шығады. Аруақ қонғандай сезінесің. 1956 жылы «Абай жолын» аяқтаған жазушы Мұхтар Әуезов ұлы ақын хақында мақаласын жазуға кірісіп, көзін көрген жандармен пікірлеседі екен. Сонда біреуі «Абай сізбіздің бетке ұстарымызсыз ғой. Қазақта өзіңізден асып туған тұлға бар ма?» деп сұрайды екен. Абай болса, кітабын парақтап отырған күйде «Неге болмасын? Мен қазақта Марабайдан асқан ешкімді көрген жоқпын» депті. Міне, біз дана Абайдың осындай бағасына ие болған Марабай жыраудың топырағына келдік. Ендеше бәріңізбен сәлем Марабай ұрпақтары деп амандасуды жөн көрдім, - деген сәтте көпшіліктің толассыз қошеметі соғылды.

6BD699BA-F4D9-488F-A43B-41DC923EC5C1

Содан соң Дәулеткерей Атауұлы Мұхит Мералыұлы мен Марабай Құлжабайұлының шығармашылығына тоқталып, жалпақ жұртқа биыл туғанына 115 жыл толған саңлақ әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің өмір жолын жеткізді. Ән мен жырға шөлдеген теректіліктер кезекпен өнер көрсететін әншілерді тағатсыздана күтті. Кейін тісқаққан дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов, халықаралық байқаулардың лауреаты Назгүл Қабиева, республикалық әнші-термешілер байқауының жүлдегері Бейбіт Қажығалиев, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов, республикалық конкурстардың лауреаты Ақмарал Кемелханова, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асхат Оразов, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, республикалық Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы әншілер байқауының лауреаты Серік Әбдірахманов, республикалық конкурстардың лауреаты Айжан Мұхамбетжанова, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, дәстүрлі әнші Жақсылық Иманғалиев, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров Мұхит Мералыұлының «Зәуреш», «Ақиіс», «Үлкен айдай», «Айнамкөз», «Алуаш», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Ақжайық», «Мақтан етем», «Жас өмір», «Үш қыз», «Өзен», «Нұржамал», «Оралым», «Досыма», «Қаламқас», «Кел, құрбым», «Сүйген жар», «Әнші дауысы» әндерін әуелетіп, теректілік ағайынды пай-пайлатып һәм айқайлатып жіберді. Дәулеткерей Атауұлы әр ән сайын тарихтан сыр шертіп, жылы естеліктермен бөлісті. Бұл сөздің парқын білетін аудан жұртшылығының шабытына қарқын қосты. Соңында көрермендерге алғысын жеткізген «Атамекен» Өнер ордасының директоры Бауыржан Халиоллаға аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың алғысхатын, ықылас гүл шоқтары мен ұжымға естелік сыйлық табыстады. Бауыржан Ергенұлының:

– Теректі ауданы өнерді тыңдамайды, сыйламайды, не болмаса орыстанып кеткен аудан деген сөздерді айтып жүрген адамның не ақылы ауысқан, не дені сау емес, - дегені аудан мәдениетінің әлеуетін көрсеткендей.

EF3915E3-2BA3-42B4-B10B-E4B65DCF63AA

Тасқын судан көңілі пәс болған өңір тұрғындарына рух беріп, дәстүрлі өнермен сусындату үшін жолға шыққан ән керуені Теректі ауданын қосқанда бес ауданға барған. Сапар әрмен қарай жалғасып, алдағы уақытта тіпті Алматы, Астана қалаларында кең көлемде кеш бермекСонымен қатар Бауыржан Халиолла аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиевтің өтінішін алға тартып, Теректі ауданына тұтас оркестрмен келіп, ән керуенінің жалғасын ұсынуға уәде етті.

Ақтілек Әлібек

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале