14.06.2024, 9:30
Оқылды: 109

Садақ атудан соңғы лицензиялық жарыста үш отандасымыз сынға түседі

Бүгін Түркияның Анталья қаласында садақ атудан Париж Олимпиадасының шешуші іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

IMG_5001(2)

Мұнда барлығы 14 лицензия сарапқа салынады. Ел намысын әйелдер құрамасы командалық және жеке сайыста қорғайды. Еліміздің ерлер командасы Азия чемпионатында жолдамаға иелік етіп қойған.

Команда: Диана Тұрсынбек, Алина Ильясова, Елизавета Авдеева;

Осы орайда Ұлттық құраманың бас бапкері Артем Кичкин өз ойын ортаға салды.

«Әйелдер құрамасының бұған дейін 3 мүмкіндігі болды. 2023 жылғы Әлем чемпионатында 3 жолдама үлестірілген. Бұған дейін 2019 жылы жаһандық додада 8 жолдама сарапқа салынатын. Енді өзгеріске ұшырады. Екінші жазғы Азия ойындарында араласта 1 және жекелей сында 1-2-орын алғандар лицензия алды. Ал қараша айында Бангкоктегі Азия чемпионатында Оңтүстік Корея топ жарды. Енді Түркия төрінде ең көп 5 жолдаманың иегері белгілі болмақ».

«Жолдама алу үшін, кем дегенде, жартылай финалға өтуіміз қажет. Азия құрлығының өзінде мықтылар көп. Қытай, Жапония, Қытай Тайпейі, Үндістан, Иран, Вьетнам. Өзге құрлықтан Италия, Түркия, Колумбияны айтуға болады. Барлығы іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсеткенімізге байланысты. Егер жақсы ұпай жинасақ, плей-оффта төмен нәтиже көрсеткен ұжымдармен кездесеміз».

«Біз 9 маусымда Белек қаласына келіп, Gloria Sports Arena кешенінде дайындалдық. Неге бұл жер? Себебі, бұл қонақ үй бұрыннан әр елдің спортшылары дайындалатын жаттығу алаңына айналып кеткен және сапасы жоғары. Бізбен қатар Түркия, Мексика, Тайпей де болды. Кейінгі кездері фаворит саналатын Оңтүстік Кореяның маманын алдыру кеңінен таралып кетті. Қытай, Жапония, Вьетнам, Өзбекстан, Мексика, АҚШ және т.б мемлекеттер жетістікке жету үшін білікті мамандарды тартып жатыр. Бізге де мамыр айында Ким Дже Чен қайта бапкер-кеңесші ретінде келді. Бұл маман былтыр Азия чемпионатының дайындығына көмектесіп, нәтижесінде ерлер Олимпиада жолдамасын жеңіп алған».

Бұл турнирде 84 елден 310 спортшы жүлдеге таласады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале