"Құтты қонақ келсе, қой егіз туады" демекші, таяуда Теректі ауданына келген Батыс дәстүрлі ән мектебінің өкілдері салт-дәстүріміздің ішіндегі асыл қазынамызды елге ұсынып, дәстүрлі ән өнерінің абыройын асқақтатқан еді. Ал бүгін аталмыш өнерге қатысты жағымды хабар келді. Нақтырақ айтсақ, Теректіде үлкен буынның жолын жалғайтын жастар бар екен. Олар Каспий құбыр консорциумының дарынды балаларға арналған қайырымдылық жобасы аясындағы «Jas tolqyn» жас таланттар байқауының дәстүрлі ән аталымы бойынша бас жүлдесін жеңіп алды.
Аудандық саз мектебінің «Дәстүрлі ән» үйірмесінің оқушылары Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын басып озып, Мәскеу қаласына жолдама алды. Жетекшісі Дәурен Жұмағалиев ұйымдастырушылар атынан алғысхатқа, шеберлік сағатынан өткенін растайтын сертификатқа ие болса, жас термешілер жеңіс тұғырынан көрінгендері үшін су жаңа ұялы телефонға қол жеткізді.
- Дәстүрлі өнерге сүйіспеншілікпен келген дарынды шәкірттерім үмітті ақтады. Молдабайдың әнін орындап, қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Бүгін гала концертте өнер көрсетіп, елдің ықыласына бөленді. Қатысушылардың ішінде осалы болмады. Соған қарамастан еңселерін тік ұстап, өнерлерін ойдағыдай паш етті. Енді Мәскеу қаласында қазақтың әні әуелейді,- деді Дәурен Темірғалиұлы.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы