13.06.2024, 23:00
Оқылды: 151

Жәнібекте дәстүрлі ән дәріптелді

Қазақтың музыка мәдениетінде ерекше орны бар, халық мұрасын бүгінгі күнге жеткізуде үлкен еңбек сіңірген, халық әртісі, әнші, композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен «Атамекен» өнер ордасының бірлескен «Мұхиттың мұрагерлері» жобасы аясында Батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің ән керуені бүгін ауданымызға ат басын бұрды.

IMG_0827

Оларды Жәнібек ауылына жақындағанда аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов бастаған мәдениет қызметкерлері ән-шашумен, қанымызға біткен қазақы дәстүрмен ақ ұсынып, қонақжайлылықпен қарсылап алды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен «Мұхиттың мұрагерлері» концертіне аудан орталығының жұртшылық өкілдерімен бірге жақын маңдағы Тау, Ақоба, Күйгенкөл және Ұзынкөл ауылдық округтерінен келген көрермендер де көзайым болды. Сахна төрінде «Атамекен» этнофольклорлық ансамблі. Дәстүрлі әнші Ернар Өмірәлі «Сәлем, Қазақстан!» әнімен сахна шымылдығын түрді. Әрі қарай сахна тізгінін өзіміздің жерлесіміз, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімін жиырма жылға жуық уақыт басқарған, ақын, күйші, журналист Дәулеткерей Құсайынов өз қолына алды.

- Мынау біздің Жәнібекке келгенде андағайлап алдыңнан Алаштың қайраткерлерінің есімдері, ата-бабалардың аруақтары, солардың сарқыты, солардың өзі амансыңдар ма?! Бұл сапардың үлкен мәнісі бар, биылғы қаңтардан бастап, сахна дүлділі Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толғаны тойланып келе жатыр. Сол тойдың аясында «Мұхит мұрагерлері» жобасы пайда болып, сіздермен жүздесуге сапарға шықты. Ендеше, сіздердің тағаттарыңды тауысып, уақыттарыңды алмайын. Сахнада өмірінің қырық үш жылын осы қазақтың дәстүрлі ән өнеріне арнап, Батыс Қазақстан облысы ән өнерінің қарқарасындай болып, көшін бастап келе жатқан ағаларымыздың бірі, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжановты шақырамыз, - деді Дәулеткерей Атауұлы.

IMG_0828

Әншінің орындауында «Ақжайық» әні кетті әуелеп. Сонан кейін ол «Зәуреш» әнінің шығу тарихына тоқталып, аталған туындыны асқақтата шырқады. Батыс Қазақстан облысындағы әнші ағаларының жолын қуып келе жатқан халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Назгүл Хабиева Ғ.Құрманғалиевтің «Мақтан етем», М.Мерәліұлының «Ақ иіс» әндерімен көпшілікті бір желпінтіп тастады. ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Фархат Оразов Ғарекеңнің «Үш қыз», Нұрпейіс Байғаниннің сөзіне жазылған Ғ.Құрманғалиевтің «Еңбек туралы» термесін «Атамекен» этнофольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындады. ҚР Мәдениет қайраткері Асхат Оразов Ғарекеңнің әні «Нұржамал» мен халық әні «Шымырды» орындап тыңдармандардың қошеметіне бөленді. Осы арада КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы, ән падишасы атанған Роза Бағыланованың Ғарифолла Құрманғалиев туралы айтқан пікірі LED-экран арқылы көрермендер назарына ұсынылды. Республикалық Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы әншілер байқауының лауреаты Серік Әбдірахманов «Досыма» әнін және Ө.Көшербайұлының термесімен тебірентті.

IMG_0839

Дәстүрлі әнші, көптеген ән байқауларының лауреаты Жақсылық Есенғалиев «Кел, құрбым», «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов М.Мерәліұлының «Айнамкөз» әнін және ансамбльдің сүйемелдеуімен халық әні «Ағайшаны» бар нақыш-бояуымен ұсынды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Хатимолла Бердіғалиев «Сүйген жар», «Жаз», халық әндері «Желкілдек» пен «Маусымжанды» орындағанда көрермендер бір желпінді-ай дерсің. ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров ансамбльдің сүйемелдеуімен Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» әнімен ән керуенінің соңғы нүктесін әдемі қойды.

IMG_0797

Сахнада Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажғалиев: «Өздеріңізге белгілі, «Мұхиттың мұрагерлері» жобасымен Қаратөбеден бастау алып, Сырым, Тасқала, Бәйтерек, Теректі аудандарында болып, Жәнібек топырағына табан тіредік. Өнер сапары Мұхиттан қалған әнді бізге дейін жеткізген Ғ.Құманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына орай оздырылып отыр. Жалпы, мақсат біреу, ол – дәстүрлі әнді дәріптеу, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Осы жобаға қолдау білдірген аудан әкімдігіне, әріптестерімізге мың да бір алғысымызды білдіреміз. Осындай көрермендер мен өнерпаздар бар кезде біздің ұлы тұлғаларымыздың есімдері мен шығармашылығы ешуақытта ұмытылмайды. Сондықтан өнер тойы құтты болсын. Кешті жоғары деңгейде жүргізген өздеріңіздің жерлестеріңіз Дәулеткерей Атауұлына тағы бір қошемет көрсетіп қойыңыздар. Баршаңызға көп-көп рахмет!» - деді ол.

IMG_0855

- Қайырлы күн, барша өнерсүйер қауым! Алдымен өнер сапарымен ауданымызға келіп жатқан сыйлы қонақтарымызға Ғұмар еліне, Жәнібек жеріне қош келдіңіздер деймін. Тамаша, рухани кештің куәсі болдық. Қазақ даласына есімі ерте белгілі болған әнші Ғарифолла Құрманғалиев Мұхит әндерін жеткізуші және бірден бір орындаушы ретінде өзіндік жолын қалдырған тұлға. Кештің сән-салтанатымен өтуіне себепші болған өнер ұжымына, басы-қасында жүрген «Атамекен» өнер ордасының басшысы Бауыржан Халиолла мен Асхат Тарасұлына, сонымен қатар туған жеріне, сахнасына оралған, кешті керемет жүргізген ағамыз Дәулеткерей Атауұлына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ұлттық өнерді дәріптеудегі жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілейміз. Сапарларыңыз оң болсын! – деді Тимур Серікұлы. Өнер ұжымына аудан әкімі атынан алғысхат табысталып, ықылас гүлі ұсынылды.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале