17.06.2024, 16:06
Оқылды: 231

Бөрлі ауданы: «Жасыл ел» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?

Жаз басталса демалысқа шыққан студенттер мен жоғары сынып оқушыларының жұмыс істеп жүргендерін байқаймыз. Көшеде сусын, балмұздақ сатушы немесе даяшы, дүкенде кеңесші болып жүрген жастар өте көп. Олардың бәрі де ата-анасына салмақ түсірмей, алдағы оқу жылына немесе өздерінің қажеттіліктерін алу үшін жұмыс істеп, ақша тауып жүр. Кей студенттер сабақ кезінде де бос уақытын пайдаланып, жұмыс істейді.

D59A0960-FDA2-40FF-9E9A-B8DB2E85B395

Дипломы жоқ жастардың жұмыс табуы өте қиын екені белгілі. Ал жазғы демалысын тиімді пайдаланғысы келетін жастарға елімізде көптеген жобалар бар.

Солардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. 2005 жылы құрылған жоба қазіргі таңда еліміздің барлық облыс, аудан, ауылын қамтып отыр. Ол елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатындағы жоба. Сонымен бірге жастардың басын біріктіріп, қосымша қаржы табуға мүмкіндік туғызды.

Биыл Бөрлі ауданы бойынша 140 квота орын бөлінген. Соның ішінде қалаға 100, ал ауылдарға 40 квота. Жасыл елдің бірінші кезеңі 3 маусым күні басталды. Қазіргі таңда Ақсай қаласында 48, ал Пугачев ауылында 11 сарбаз өз жұмыстарына кірісті. Ал екінші кезең бойынша қалада 52, Бумакөлде 10, Приуралда 13 және Успен ауылында 6 сарбаз жұмыспен қамтылады екен. 2023 жылы ауданымыз бойынша 190 квота бөлініп, 3 кезеңде 150 жас жұмыспен қамтылған.

Жастардың жалақысы үшін аудандық бюджеттен 13 300 000 теңге бөлінген. Ал республикалық штабтан 6 724 860 теңге қаржы ауған. Биыл сарбаздардың жалақысы 105 мыңнан 120 мыңға дейін өскен.

Ауданымыздағы жасыл ел сарбаздарының арасында бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан жастар да бар. Олардан біз не үшін бұл жұмысты таңдағандарын сұрастырған едік.

  «Жасыл ел» арқылы айналамызды тазартып, тұратын жерімізді халық демала алатын жасыл қалаға айналдырамыз. Мен жаз мезгіліндегі бос уақытымды елімізді көгалдандыру мақсатында осы жастар ұйымымен өткізуді таңдадым. Біздің міндетіміз қаламызды артық қоқыстан арылту, арам шөптерді жұлу, жас талдар егіп, көркейту. «Жасыл ел» жастар ұйымына мен тек еңбекпен қамтылу үшін ғана емес, жаңа орта үшін де келемін. Мен осы ұйымда 3 жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатырмын. Үлкендеріміз үнемі «еңбектің наны тәтті» деп айтып отырады. Бұл сөздің мағынасын өзім жұмыс істеп, қаражат таба бастағанда түсіндім. Жұмыс істеу арқылы жас болсамда қоғамға пайдамды келтіріп, өзімді қамтамасыз ете алатын қаражат табудамын. Бұл менің аз болса да ата-анама деген көмегім деп білемін, - дейді жасыл елдік сарбаз Әйгерім Жалитова.

«Жасыл ел» сарбаздарының уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында Бөрлі аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» мамандарының ұйымдастыруымен неше түрлі ойындар, жарыстар да өткізіліп тұрады. Мысалы, былтыр «Бөрлі білгірлері» квест ойыны, волейбол және тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Мамандардың айтуынша, бұл бір уақыт сарбаздарды сергітіп, жаңа күшпен жұмыстануға көмектеседі екен. Биылда осындай шаралар өткізу жоспарда бар. Ауа-райының қолайсыздығы, соның ішінде қатты ыстыққа қарамай жұмыс істейтін жастардың уақыттары өте көңілді өтеді екен.

E1A9B9D8-5022-4F3A-9406-981848B556C4

– Биыл «Жасыл ел» жасағының құрамында жұмыс істегеніме үшінші жыл. Бұл мен үшін де үлкен мүмкіндік. Туған қаламның өркендеуіне аз да болса өз үлесімді қосудамын деп ойлаймын. Күнделікті ата-анамнан ақша сұрамай, осы жұмыс арқылы еңбектеніп тапқан қаражатымды үнемдеп, орнымен жұмсауды үйрендім. Аса қиын жұмыс істеп жатқан жоқпыз.

Күннің ыстығына қарамастан бәріміздің көңіліміз әрдайым көтеріңкі. «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық» мамандары да бізге уақыт бөліп, неше түрлі ойындар, жарыстар ұйымдастырып отырады. Негізі, жұмысымыз өте қызық өтеді. Өзім қатарлы жастармен танысып, тіл табысып, бірге жұмыс істеудеміз. Жыл сайын әртүрлі адамдармен танысу арқылы өзімізді де дамыту үстіндеміз, - дейді жас сарбаз Альбина Серікова.

«Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жастарымыз бойларына қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып келеді. Жыл сайын ауданымыздың белсенді жастары қарқынды жұмыс атқаруда. Бастысы, жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Жылдан-жылға «Жасыл елге» келушілердің де қатары көбейіп келеді. Бағдарлама да ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес.

Жастар – еліміздің ертеңі, болашағы. Мемлекетіміздің дамып, өркендеуі тікелей жастарға байланысты деп Президентіміз олардың тәрбиесі мен біліміне аса көңіл бөлу керектігін үнемі талап етіп отырады. Сол себепті де еліміздегі жастардың белсенділігін осындай бағдарламалар арқылы жоғарылатуға болады. Бағдарлама ауданымыздағы экологиялық және жұмыссыздық мәселелерін шешуге көмектесіп отырған бірден-бір жоба.

Жас сарбаздар болашақта еліміздің бетке ұстар жауапты азаматтары болады деген үміттеміз.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале