17.06.2024, 21:00
Оқылды: 430

Айбардан Аланға, Айданадан Афиятқа дейін...

Қазақта балаға ат қою маңызды рәсімдердің бірі екені сөзсіз. Көбінесе адамның тағдыры есіміне байланысты деп айтып жатамыз. Дегенмен жалпылама жұрт адам есімі өз ұлтынан өзегін үзбеуі қажет деген пікірді алға тартады. Қазіргі 30-дың арғы-бергі жағындағылардың есімі Ернар,. Тілек, Айдана, Аружан деп жалғасушы еді. Бүгінгі күні бірен-саран болмаса, Нұрландар көрінбейді, Жанарлар жоқтың қасы.

b17d2089-86fe-44d5-9669-eb53142b5960-960x500Сурет: adyrna.kz

Есімге байланысты түрлі ұлттарда алуан түрлі тәмсіл бар. Түркия мен Әзірбайжан елінде балаға бір емес екі ат қойылады. Біріншісі – жалған ат та, екіншісі – шын аты. Ресейде де XVII ғасырға дейін шоқындыру рәсіміне дейін баланың есімін құпия ұстаған. Осылайша жын-шайтанды алдап, адастырамыз деп сенген. Есімнің алдағы өміріне ықпалы бар екеніне кәрі құрлық Еуропаның да халқы бек сенген. Мысалы, олар қыз бала тұрмысқа шығып, фамилиясын ауыстыру арқылы жаңа өмір бастайды деп сенеді. Орыс мәдениетінің зерттеушісі С.Минцлов аттастардың тағдырын зерттеп, «Власть имен» атты кітап жазған. Нәтижесінде Алексеевтер есебіне мығым, Александрлар көңілді, Петр есімділер қырсық болады деп тұжырым айтады. Осы еңбекке сенсек, Сергей есімділердің ұрпағы елге танылған талант болады екен. Мысалы, Пушкин, Грибоедов, Тургенев, Даргомыжскийдің әкелерінің есімі Сергей болған. Тіпті Хрущев пен Горбачевтің де әкелері осы таланттармен аттас болыпты. Бұны кездейсоқтық деп көріңіз.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы еліміз бойынша ұл балаларға Әлихан, ал қыздарға Медина есімі көп таңдалған екен. Өткен жылы ұл балаларға қойылған үздік 10 есімінің алды Әлихан болса, одан әрі Омар, Әмір, Алдияр, Айсұлтан, Алан, Әли, Нұрислам, Мұхаммад, Хамза болып жалғасады. Былтырғы жылы қыздарға ең көбі Медина деп ат қойса, одан әрмен тізім Айша, Айлин, Асылым, Сафия, Томирис, Раяна, Әмина, Аяла, Айым есімдерімен толыққан.

Егер қазіргі деректі кейін шегеріп, 2013 жылмен салыстырар болсақ, Әлихан, Әмір, Нұрислам есімдері сол кезден бері атақты болған екен. Ал қыз балаға қойылатын есімдер арасынан Айша мен Амина осы он жыл ішінде жиі қойылған.

Бір сұқбатында қоғам қайраткері, жазушы Герольд Бельгер «Шетелдің аттарын да, жасанды аттарды да балаларына талғамай қоя беретіндердің саны көбейді. Байқадам деген жерде біреудің аты Кәрмеш болатын. Бұл аттың мағынасын сұрап көрсем, орыстың гармошкасынан шыққан екен. Міне, осындай есімдер өте көп. Сондықтан, сөз жоқ, бұл мәселені заң жүзінде жөнге салу керек. Сондай-ақ бұл мәселеге дін жағынан да дұрыс қарау қажет. Мәселен, орыстарда дін қызметшілері балаға ат қоюда ескі Ресей жолын ұстанады. Менің бір жиенім жаңа туған қызына Аэрика деген ат қойыпты. Мағынасын өзі де білмейді. Шіркеуге барса: «ондай ат орыстарда болған емес, сондықтан қоюға болмайды, одан да Аня болсын» депті. Демек, бізде де елді бетімен жібермей, есімдерді реттейтін уақыт жетті,» -дейді.

Халықымыз қоғамда болып жатқан жайттарды назардан тыс қалдырмайды. Еуропадағы ұлттық қауіпсіздік ұйымының саммиті өткенде бірқатар қазақ отбасы балаларына Саммитбек, Саммитхан, Саммита, Азиада деген есімдер қойылған болатын. Әлемде экономикалық дағдарыс басталған уақытта еліміздің оңтүстік өңірінде өмірге келген қазақ балаға Дағдарыс есімі берілген. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Қ.Әлімқұловтың мақаласында Пярамира деген есім бары жазылған. Ол «пятьдесят развитых стран мира» деген сөздерден құралған екен. 2017 жылы елімізде өткен әлемдік көрменің құрметіне баласын Экспо деп атағандар да бар.

Бөрлі ауданында жүрген кезде де ерекше есімдерді естіп қалдық. Олардың қатарында Милара, Аэлита, Амалия, Сафина секілді есімдер бар. «Сіз білетін ерекше есімдер?» деген әлеуметтік желідегі сауалымызға аудан тұрғындары Қабделжамел, Демалыс, Өзгеріс деген ерекше есімдердің барын білгенбіз. Сонымен бірге қазақы қалыпқа үйлесім таба қоятын Шамшырақ, Нұрлытаң, Нығмет, Аманай секілді есімдер кездеседі.

Бөрлі ауданы бойынша бүгінгі бала есімдерінің ерекшелігін білу үшін Батыс Қазақстан облысы азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша Бөрлі аудандық бөліміне сұрау салған едік.

Мамандардың мәліметі бойынша соңғы кезде біздің ауданда жаңа туған ер балаларға көбіне Даниял, Муслим, Амир, Ислам, Алан, Артем, Ерасыл, Алинур, Мухаммед деп ат қоятындар көп екен. Қыз балаларға Айлин, Медина, Аделина, Томирис, Асылым, Каусар, Айша, Сафия, Раяна, Рамина, Ксения есімдері жиі таңдалатын көрінеді. Бөрлі ауданында ең сирек кездесетін Кербес, Байбақты, Сафуан, Алем, Айхан, Салим, Платон, Альфинұр, Айянур, Айдария, Эйрена, Эльназ, Шұғыла, Афият секілді есімдер бар.

Бұл туралы елдің пікірін ұсына кетсек. Азалия есімді аудан тұрғыны тұңғышының есімін Амалия деп қойыпты. Бұл есімді атасы мен әжесі бір жерден естіп келіп, ұсынған екен. Осы ат әкесі мен анасына да ұнаған.

-Тұңғыш қызымыздың атын Амалия қойдық. Ата-әжесі естіп, қатты ұнатқан екен. Біз де қарсы болмадық. Есім берердің алдында оның мағынасын қарап шықтық. Амалия көне түсінікте еңбекқор деген мағына береді. Ал араб тілінен аударғанда «үміт», «сенім», «талпыныс» мағыналарында келеді. Демек біздің ойымызбен ұйқасады. Мағыналы болғасын есімін осылай қойдық. Менің өзімнің есімім Азалия. Есімімді әдемі гүлге ұқсасын деген оймен қойған. Қазіргі кезде әрине есімдер әртүрлі. Дегенмен уақыт өткен сайын есімдердің түрленуі қалыпты жағдай деп санаймын. Егер мағынасы жақсы болса, бала есіміне шектеу қоймау қажет шығар деген пікірдемін.

Соңғы уақыттарда балаларға қойылып жүрген ерекше есімдердің мағынасын білу үшін ғаламторға жүгіндік. Мысалы бүгінгі күні орташа есеппен 10-қыздың 5-еуі арқалап жүрген «Айлин» есімі «Ай» сөзіне «Лин» түбірі қосу арқылы жасалған. «Лин» араб тілінен аударғанда «жұмсақ», «нәзік», сұлу» деген мағына береді екен. Ол Ангелина, Евангелина, Элина есімдерінде қолданылады. Демек «Айлин» деген атты қазақша «Айсұлу» есімінің жаңаша нұсқасы ретінде қарауға болады. Одан әрі «Эйрена» деген есімді зерделеп көрдік. Бұл сөз көне грек философиясында кіші құдай болған. Ол жыл мезгілдерінің ауысыуына, қандай да бір іс-әрекеттердің орынымен, ретімен болуына жауап берген. Соңғы мағына «Әділ», «Шыншыл» деген мағынамен астасады. Ал, енді «Афият» есімі арабшадан аударғанда «тәуелсіз», «еркін» деген мағыналарды береді. Қазақша нұсқасында «Азатгүл», Еркін-ай» есімдерін атап өтуге болады. Ер баланың есімінің ішінде «Алан» деген атты қоюшылар аз емес. Бұл есім негізінен «құз», «тереңдік» деген мағынаны береді. «Алан» есімі Франция елінде өте танымал екен. Француз тіліне аударғанда «Әдемі» деген мағынаны білдіреді. Аудармасына қарағанда біздің халықтың ер адамға қоятын есімдердегі мағыналарға ұйқаса қоймайды. Алайда әуезділігі үшін бе бүгінгі кезде бұл есімді алып жатқан бүлдіршіндердің де қатары аз емес. Ел сүйсініп қойып жүрген есімдердің бірі «Амир». Бұл қазақы «Әмір» есімінің жаңашалау нұсқасы. Оның қатарында Әлима-Алима болса, Әмина-Амина болып жүргені рас.

Қазақта «Жылан қайыс» деген дәстүр бар. Біздің ел 4 жасты «қоян мүшел» деп атайды. Жылан қайыс осы жаста жасалады. Ұлдың ата-анасы баласын жетектеп, ұстаханаға келеді. Қабырғаға әскери сауыт-сайман, қару-жарақ орналастырады. Мүмкіндік болса, шын қару- жарақтың өзін қоюға тырысқан. Егер ондай жоқ болса, соның жай көшірмесі де болады. Ұста үстіне жүннен тоқылған, жыланның терісіне ұқсас сұр шапан киіп алуы керек. Ұста бала мен қару-жарақтың ортасына, балаға қарама-қарсы талтайып тұрады. Сосын бала ұстаның аяғының астынан екі рет әрі-бері өтеді. Бірінші рет өткенде оған ата-анасы сауыт-сайманды кигізеді. Екінші рет өткенде қолына қару-жарақты береді. Сосын ұста алақанын біраз уақыт оттың үстіне ұстап тұрады да, қыздырып алған соң баланың бетін сипайды. Кей кездері жоралғыны орындап болған соң ұл балаға басқа ат берілген. Бүгінгі трендтегі қойған есіміңіз балаға ұнамай «Жылан қайыс» дәстүрін жасап, есімін өзертіп жүрмеңіз.

Сараптай келе бала есімі оның ұлты мен халқының таным-түсінігінен, салт-дәстүрінен хабар беріп тұру керек деген пікірге аялдадық. Әрине әркім өзінің баласына қалаған есімді қоя алады. Талғамда талас жоқ екені тағы рас. Сіздің айтар ойыңыз қандай?...

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале