19.06.2024, 11:45
Оқылды: 160

«Жер комиссиясының құрамы өзгертілсін» – Теректіде сессия отырысы өтті

Теректі ауданында XVI кезекті сессия өтті. Оған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудан басшысының орынбасарлары, мәслихат депутаттары, бірқатар округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.

2BC21C06-2AA0-446B-9682-D2655CC970A9

Жиынға мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев төрағалық етті. Күн тәртібінде ауданның бюджеті мен экономикасы жөнінде бірқатар мәселелер қозғалды.

Атап айтсақ, Теректі аудандық мәслихатының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы «Теректі ауданының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ғабит Ғазиев баяндады.

«AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы, мәслихат депутаты Мирхат Ибраев 2023 жылға арналған аудандық және ауылдық округтер бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есебін бекіту туралы айтты.  

Ал «Теректі ауданының әлеуметтік көмек көрсетуін, аталмыш көмек мөлшерін белгілеу, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту»туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова тарқатты.  

Сонымен қатар Богданов, Шаған, Подстепный, Ақсуат ауылдық округтерінде жүзеге асқан шаруаларды округ әкімдері жіпке тізді.

B4679533-3B7F-49A3-96B9-E7DD609B8C5A

Мәселен, бүгінгі таңда Подстепный ауылдық округінде жұмыссыздар саны – 82 адамды құрап отыр. Биыл 36 адам жұмысқа орналасса, ақылы қоғамдық жұмысқа 18 адам тартылған.

– Ауылымызда «Алтындар» супермаркеті ашылып, 10 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Округ аумағында үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Айталық, «Ядовитое» өзені бойында туристік демалыс базасының құрылысы жүруде. Сондай-ақ, «Төлеңгіт» және «КТК-888» шаруа қожалығы 400 бас сауынды сиырға арналған тауарлы сүт фирмасын салып жатыр. Ал «WEST KZ» жеке кәсіпкерлігі өз қаражаты есебінен екіқабатты жеке балабақшаның іргесін қалады, - деген ауыл әкімі Мейірбек Сұлтанов біраз шаруаның басын қайырды.  

Шаған ауылдық округінің әкімі Ербол Исеев мал бағымы, егін егу мен ауыл ішіндегі ұрлықты тілге тиек етті.  

Богданов ауылдық округінің әкімі Асқар Нұрғалиевтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5% несие алуға алты ауыл тұрғыны 44 млн. 250 мың теңгеге өтініш берген. Бөлінген ақшаға бір бірлік комбайн мен мал сатып алынған екен.  

Одан әрі Теректі ауданының жер комиссиясының құрамын және комиссиясы туралы ережені бекіту жөнінде жер қатынастары бөлімінің маманы Гауһар Әлібекова таныстырды.

Аталмыш комиссия құрамы мүшелеріне көңілдері толмаған аудандық мәслихат депутаттары комиссия құрамын өзгертуді талап етті. Олар бірауыздан «Мемлекет үшін маңызды жер тағдырына бей-жай қарамай, оған жауапты тұлғаларды ауданымыздың оңтүстігі мен солтүстік бөліктерінен қамту керек. Жер дауын туғыздырмас үшін оны шешетін тұлғаларды да дұрыс таңдау керек» деді.

Комиссия төрағасы аудан әкімінің орынбасары Дамир Ғұмаров ұсынысты қабыл алып, түзетулер енгізуді қарастыратынын жеткізді.

Жауһар Нұрым

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале