19.06.2024, 19:00
Оқылды: 266

Казталов ауданы: «Елде болса ерінге тиеді»

Биылғы Ұлу жылы берекелі басталғаны рас. Қос өзен бойын жайлаған Казталов ауданын су тасқыны баспағанымен, Қараөзен мен Сарыөзенге жоғары жақтан ағын су молынан келіп, өзен бойындағы көлтабандар мен лимандарға да су шығарылды. Бұған мал шаруашылығымен айналысып жатқан аудан халқы бір қуанды.

IMG20240619110737

Жалпы қыстағы қардан да біраз су түсіп, ылғал мол болды. Көктемгі жауын-шашыннан да тарылыс болған жоқ. Енді тек жер бусанып, жасыл түскен боянған даланың жайқалуын күттік. Әттең, ауа райы қолайсыз болып, мамырдың аяғына дейін күн жылынбай-ақ қойды. Керек десеңіз, көктемнің ортасында үскірік аяз болып, топырақ жылынбады. Соның салдарынан даладағы көк шалғын бой көтере алмай қалды. Нәтижесінде су шыққан лиман, көлдерде шөп шығымы жақсы болса, даладағы қырлықта шөп шығымы өте төмен.

Табиғаттың тосын сыйы мал баққан ағайынға оңайға түспейтіні анық болып отыр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 152809 ірі қара, 339535 қой, 37660 ешкі, 39809 жылқы, 266 түйе малы бар. Ал осы малдың биылғы қыстан аман шығуы үшін, болжам бойынша ауданға 325,7 мың тонна мал азығы қажет. Қазіргі күнде Казталов, Бостандық, Бірік, Тереңкөл, Жаңажол, Көктерек ауылдық округтерінде мал азығын дайындап алу бас ауыртар мәселеге айналып отыр. «Елде болса ерінге тиеді» демекші, мәселені шешуге жұмыстанған ауданның атқамінер азаматары шөп шығымы жақсы аудан резервіндегі шабындықтарды қарастыруда. Соның бір айғағындай 19 маусым күні Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиевтің бастамасымен округ әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілері шалғайда орналасқан Талдықұдық ауылдық округіне барып қайтты.

IMG20240619100328

Мал азығын дайындау мәселесіне шұғыл кіріскен аудан әкімінің орынбасары Рашид Нәсіпқалиұлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Назар Аманғалиев Казталов, Жаңажол, Көктерек, Тереңкөл ауылдық округтерінің әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілерін Талдықұдық ауылдық округіндегі Пшат көліне бастап барды. Биыл бұл көлге су жақсы түсіп, шөп шығымы бітік. Күзге дейін жеткілікті мал азығын дайындап алуға болады. Тек, аталмыш шабындық жерге жету үшін біраз шақырымды артқа тастау қажет.

Шөп шауып, қысқа мал азығын дайындап алуға ниет білдірген шаруаларды бастап барған Рашид Нәсіпқалиұлы: - Жерлестер, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты қолдағы малға қажетті мал азығын дайындау мәселесі туындап отыр. Өзен бойында орналасқан лимандар мен көлдерде шөп шыққанымен, қырда дым жоқ. Осы мәселені шешу мақсатында аудан резервіндегі жерлерді қарап, тексеріп жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрған Талдықұдық ауылдық округіне қарасты Пшат көліндегі шөптің шығымы жаман емес. Ендігі уақытта ынтымақтық танытып, бар шөпті дер кезінде шауып, буып, тасымалдап алуымыз керек,-деді.

Міне,  өздеріңіз байқағандай, мал азығын дайындап алуға жақсы мүмкіндік туып отыр. Ендігі меже — сол мүмкіндік жасаған азаматтардың еңбегі еш болмай, дер кезінде қимылдау. Шабындық басына барған шаруалар орақ салуға дайын екендерін жеткізді.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале