19.06.2024, 23:00
Оқылды: 165

85 000 ба әлде 250 000 ба?: жасақтың жалақы мәселесі алаңдатады

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Сырым ауданында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының студенттік құрылыс жасағы жұмысқа кірісті. 50 сарбаз ресми түрде қатарға қабылданды. Жұрт дүрлігіп, жалау желкілдеп, Жымпитыдағы орталық сахнада партия өкілдері бата – тілектерін айтып, командирлері ант беріп, бәрі әдемі басталды. Тіпті, жасыл форма киген жас құрылысшылардың алғашқы кірпішті қалағаны да жария – жарнамаға айналды.

IMG_1932

Қиқу дүрмектен кейін айқай еңбек басталып кеткен шығар дегенбіз. Сөйтсек, олай болмай шықты. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, құрылыс жасағына қабылданған студенттердің еңбеқасының көлемі белгіленбеген болып шықты әрі оны кім төлейтіні шешілмеген. Белгілісі, «Ауыл» партиясы төлемейді. Екіншіден, жұмысшылармен шарт жасалмаған, қауіпсіздік ережесін таныстырылып, нысандарға бөлінбеген, сәйкесінше студенттер үш күн бойы бос отырған.

«Бұл өзі бар жұмыс па, жоқ жұмыс па? Еңбекақымыз қанша болады?» - деп көп сұрақтың көңілде көлбегені рас. Себебі, «..айына беретін еңбекақы 85 000 тг» - деген сыбыстың шыққаны да рас.

Шынтуайтына келгенде, айлық жалақы 85 000 тг болса да келісуге болады. Себебі – студент кәсіби құрылыс маманы емес. Құрылыс жасағы – жас маманның алғашқы ұжымы, бірінші еңбек сабағы. Бастамаға бәрі де ыңғайлы.

Бұл жерде жалақының нақты көлемі мен ол кімнің қалтасынан шығады деген сұрақ бар.

IMG_1934

Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов және «Ауыл» халықтық – демократиялық патриоттық партиясының БҚО өңірлік филиалының төрағасы Темірғали Ескендіров келді. Мақсаттары – студенттердің сұрақтарына жауап беру, мәселелерін шешу. «SJ» жастар орталығында өткен кездесуге Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов және тұрғын үйі судан зардап шеккендерге баспана салып жатқан құрылыс компаниларының өкілдері қатысты.

Алдияр Халелов мырза «Ауыл» партиясының жастарды еңбекпен қамту бағытындағы жобасының маңыздылығына ерекше тоқталды. Маңыздылығына ешкім дау келтірмейді, расында да жас буынның қолына күрек ұстатып, еңбекке тәрбиелемесе, ақсаусақ ұрпақ көбейіп бара жатыр. Иә, олардың ғылым меңгергені, өнер игергені, зияткер болғаны тамаша әрине. Бірақ, Қадекең айтқандай, «Бір мезгіл кетпен, күрек ұстамаса, тамаша тамаша емес!»

«Ауыл» халықтық – демократиялық патриоттық партиясының БҚО өңірлік филиалының төрағасы Темірғали Ескендіров еңбек сарбаздарының сауалына нақты жауабын берді:

- «Ауыл» партиясы студенттік құрылыс жасақтарының жұмысын ел бойынша Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асыруда. Жас сарбаздың ұтатыны не? Біріншісі, еңбек етіп, табыс табады. Екіншіден – еңбек сабағын алады. Үшіншіден – елдік іске үлес қосады, яғни судан зардап шеккен ауылдасына үй салады.

Әр жұмысшы үшін айлық жалақы – 250 мың теңге болып белгіленді. Оны мердігерлер төлейді әрі жұмыс графигін де солар белгілейді. Біздің қатарда тек жауапты, жұмысқа жауаптыларға ған орын бар. – деді төраға.

Партияның Батыс Қазақстан облысы бойынша координаторы Анар Губашеваның айтуынша, жасақтың құрамында 39 сарбаз бар. Яғни, салтанатты шарадағы 50 студент түгел емес. Жаңағы 39 студенттің 15-і «Profline» ЖШС-ына бекітілген. 13 сарбаз «Қалдығайты» ЖШС жұмысшылары құрамында, ал 12-сі «JS Group» компаниясында еңбек ететін болады.

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтауды сұрады.

Б. Шерім,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале