20.06.2024, 10:30
Оқылды: 187

БҚО: аудандағы аудит нені көрсетті?

Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті, онда 2022-2023 жылдардағы Казталов ауданының бюджет қаражаты және аудандағы коммуналдық мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін бағалау және сараптамалық-талдау іс-шара нәтижелері қарастырылды.

F2982448-1CA5-4FCA-ACB5-593D19C668DC

Тексеру комиссиясының жауапты мүшесі Қайрат Жапақовтың баяндауынша, мемлекеттік аудитпен және сараптамалық-талдау іс-шарасы 8 мемлекеттік мекемені (жалпы сомасы 6,9 млрд теңге бюджет қаражаты) қамтыды. Аудит еліміздің заңнама нормаларының, оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілері актілерінің ішінде 252 млн теңге қаржылық бұзушылықты, 8 млн теңге бюджет қаражаты көлемінде активтерді тиімсіз пайдалануды, 42 бірлік рәсімдік бұзушылықты анықтады. Қаржылық бұзушылықтар ішінде өтелуге жататыны – 52 млн теңге, жұмыстармен (есепке алумен) қалпына келтіруге жататыны 200 млн теңге екені мәлім болды. Аудит барысында 11 млн теңге өтеліп, 73 млн теңге қалпына келтірілді. Әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар 123 дерек бойынша материалдар іс қозғау үшін уәкілетті құрылымдарға жолданды.

Бұзушылықтар мен кемшіліктердің орын алуына бюджет, құрылыс қызметі саласындағы, мемлекеттік сатып алу, аутомобиль жолдарын басқару туралы және пайдалануды реттейтін басқа да нормативтік-құқықтық актілер саласындағы заңнамалардың сақталмауы себеп болған.

– Казталов ауданы әкімінің аппараты «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының талаптарын бұзып, қызмет көрсету мерзімінің қысқаруына байланысты шарттар сомасын азайтпаған. Көрсетілмеген қызметтер үшін «БатысСервисПлюс» ЖШС-ға 5 162,7 мың теңге негізсіз төленді. Осындай жағдай Жалпақтал ауылдық округі әкімі-нің аппараты  және  Казталов ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арасында орын алды. Жалпақтал кентінде орналасқан саябақтар мен тынымбақтарды техникалық сумен қамтамасыз ету жөніндегі шарт бойынша жұмыс көлеміне қажеттілік азайған кезде шарт сомасын 8 млн теңгеге азайтуды «ұмыт қалдырған». Көмекші, Көктерек, Оразғали және Жұлдыз ауылдарының әлеуметтік нысандарын газбен жабдықтау желілерінің құрылысы  жобасын «STROYCONSALTING» ЖШС жасақтаған. Онда көрсетілген жалпы жұмыс көлемі бойынша 44 млн теңге сомасы артық көрсетілген. Осы аталған деректер бойынша материалдар облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылымына жолданды, - деді Қайрат Жапақов.

Баяндамашының сөзінше, жоғарыда көрсетілген жобалау-сметалық құжаттамаға 2021 жылы сәуірде «Техстрой-Лия» ЖШС оң қорытынды берген. Жұмыс түрлерін асыра бағалау деректері жобалық ұйымның және жобаға сараптама жүргізген ұйымның біліктілігіне күмән тудырады. Жобалық құжаттаманың қанағаттанарлықсыз сапасының тағы бір себебі: Казталов ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы мен қызметкерлерінің кәсіби дайындығының жеткіліксіздігінен, олардың нормативтік құжаттаманы нашар білуінен делінді жиында. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Бюджет кодексінің 97-бабы 6-тармағын бұза отырып, орындалған жұмыстардың дұрыстығына атүсті қараған. «АрАй-НС» ЖШС-ға бюджет қаражаты негізсіз төленді. Бақылау өлшемі (тексеру) барысында 105 млн теңгеге бекітілген жобадағы жұмыстардың орындалмаған көлемі анықталды. Заңбұзушылық деректері бойынша материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

Қайыңды ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы нысанында мердігер «ДаренСтройСервис» ЖШС  11 млн теңгенің жұмысын орындамаған. Тапсырыс беруші – «Казталов ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ. Болашақ ауылдық округінің Болашақ ауылына кіреберісінің 0-1 шақырым аудандық маңызы бар аутожолын орташа жөндеу нысаны бойынша бақылау өлшемі (тексерудің) жүргізілді. Құжаттамада есептелген және орындалған жұмыстарды қабылдау актісіне енгізілген көлемі 316,2 шаршы метр (бағасы 4 млн теңге) сусымалы құрылыс материалы, табиғи құм-қиыршықтас қоспасы жоқ екені мәлім болды (тапсырыс беруші – «Казталов аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар кө-лігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ). Одан басқа жұмыстарды қабылдау актісіне 16 млн теңгеге (3288,7 текше км) құрылыс материалдарын (құмтас және асфальтбетон қоспасы) көлікпен тасымалдау шығындары енгізілген.

Жөнделетін учаскеде 840,6 шаршы метр асфальтбетон және 316,2 текше метр  құм-қиыршықтас қоспалары болмаған. Оларды тасымалдауға 6 362,8 мың теңге сметалық құнына көлік шығыстары енгізілмеуі керек-тұғын. «Жайық Жол Құрылыс» ЖШС орындамаған тасымалдау шығындарының және материалдың жалпы құны 10 млн теңгені құрайды.

Сондықтан аталған заңбұзушылық деректерінің материалдары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына мердігерлердің ел заңдарында белгіленген жауаптылығын қарауға жолданды. Ауданның ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Казталов ауданының 1-ші Егінсай көтеру, құбырларды бөлшектеу, монтаждау және тереңдік сорғысын ауыстыру» нысаны бойынша орындалған жұмыстар үшін ешқандай құжаттарсыз 7 млн теңге төлем аударған. Бұл дерек бойынша материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

Елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдалануда олқылықтар баршылық. 2022 жылы бөлінген қаражат ауылдық округ аумағынан ауыз суды дезинфекциялауға және қоқысты шығаруға, оның ішінде 921 мың теңге шахта құдығын орнатуға бағытталған. Тексеру барысында құдықтың жұмыс істемейтіні анықталды. Құдық ойпаң жерде орналасқандықтан еріген қар суымен толған, оның ішін тексеру мүмкін болмаған. Казталов ауылдық округі әкімінің түсіндіруінше, құдықты орнату барысында ондағы судың тұзды және ішуге жарамсыз екендігі белгілі болған. Соған байланысты құдықты іске қосу жұмыстары тоқтатылған. Қалған материалдары басқа қажеттіліктерге пайдаланылған.

Тексеру нәтижесінде сметада көзделген жұмыстар мен шығындардың кейбір атаулары жоқ екені анықталды. Соған қарамастан, орындалған жұмыстар актісі қабылданып, толық көлемде төленген. ҚР Бюджет кодексінің талаптарын бұзған Казталов ауылдық округінің әкімдігі жасалған орындалған жұмыстардың  дұрыстығын қарамаған. Орындалмаған жұмыс көлемі үшін 140 мың теңге негізсіз төлеген. Сондай-ақ бүгінде Сексенбаев елді  мекенінің тұрғындары ауыз суды тасымалдайтыны, тиісінше 921 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғаны анықталды.  

Аудит барысында «Электр бағбан» қоршауын орнату жұмыстары орындалмағаны да расталды.

Қоршаулардың бөлшектері мен жинақтауыштары мемлекеттік мекеменің қоймасында тұрғаны, бұл ретте электр сымы бар 11 орауыштың 8-і қаптамада мөрленген түрде жаңа күйінде сақталған. 2022 жылдан бастап мекеме қоймасында тұрған қажетсіз жабдықтарды сатып алу үшін 15 млн теңге сомасында бюджет қаражаты жұмсалды. Казталов ауданының бірқатар мемлекеттік мекеме және кәсіп-орындары «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңын, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге
асыру қағидаларын және Азаматтық кодексті бұза отырып, 22 млн теңгеге тауарды жеткізуді, жұмыстарды орындау мен қызмет көрсетуді мерзімінен кешіктірген әрбір күн үшін өнім беруші-
лерден 0,1% мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алу жұмыстарын жүргізбеген.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңының талаптарына сәйкес Казталов ауданының кейбір мекемелері мемлекеттік сатып алу шарты бойынша өз міндеттемесін дұрыс орындамаған 17 мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінбеген. Аталған құқықбұзушылық үшін «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Жергілікті бюджетке салықтық емес түсімдерінің толықтығы мен уақытында түсуіне аудит жүргізу кезінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан жеке тұрғын үйді жалға алушылардың жалға берілетін тұрғын үйге ақы төлеу жөніндегі міндеттемелері уақтылы және толық көлемде жүргізілмейтіні анықталды. Осылайша 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 93 жалға алушының 8 млн теңге берешегі бары мәлім болды. Аудит барысында соның 183,5 мың теңгесі өтелді. Казталов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бюджетке түсетін түсімдер-ді өндіріп алуға жауапты уәкілетті құрылым ретінде  түсімдердің толықтығы мен орындалу уақытын  қамтамасыз етпеген. Казталов ауылдық округі әкімінің аппараты өткен жылы жалдау ақысын уақтылы төлемеудің 5 дерегіне жол берді. Аталған бұзушылыққа «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Одан басқа осы бөлім басшысы атынан А. Айтжанов пен М. Хасанов арасында «бордақылау базасын салу үшін» Ақпәтер ауылдық округі әкімінің 2020 жылғы 23 қаңтардағы №6 шешімі негізінде 4 млн теңгеге 4,0 га жер учаскесін сатып алу-сату туралы шарт жасалған. Аудит барысында М. Хасановтың 2023 жылғы 27 қаңтардан 2024 жылғы 28 ақпанға дейінгі кезеңде тиісті 1,5 млн теңге төлем жүргізілмегені анықталды. Жер кодексінің 49-бабы 3-тармағын бұза отырып, Казталов ауданының жер қатынастары бөлімі азамат М.Хасановтан 320 мың теңге сомасына жер учаскелерін сатып алу-сату шарты бойынша тұрақсыздық айыбын есептемеген және оны қайтармаған. Сондай-ақ осы бөлім «КаР-Тел» ЖШС-мен 104 мың теңге сомасына жер учаскелерін сатып алу-сату шарты бойынша тұрақсыздық айыбын есептемеген және оны қайтармаған. Аталған заңбұзушылық деректері жазылған  материалдар Казталов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.

Қызметкерлердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын есептеу барысында «С. Садықов атындағы Казталов аудандық мәдени демалыс орталығы» МКҚК орташа жалақыға үнемделген қаржыдан төленген біржолғы мерекелік сыйақылар 1 млн  теңгеге негізсіз есептеліп, төленген. Осы кәсіпорында 36 қызметкерге бөлімше басшыларының ұсынымынсыз және кәсіпорын басшысының бұйрығынсыз 540 мың теңге, Жалпақтал ауылдық округі әкімінің аппараты бас маманының алынбаған тәр-
тіптік жазасы ескерілмей, 226,8 мың теңге сыйақы негізсіз және екі мемлекеттік әкімшілік қызметшіге төленетін бонус 48,5 мың теңгеге артық төленген.

Тексеру комиссиясы анықтаған бұзушылықтарды және ондай олқылықтарға жол беретін жағдайларды жою, заңбұзушылықтарға жол берген қызметкерлерге еліміздің заңдарында көзделген жауаптылық шараларын алу үшін мемлекеттік құрылымдарға, ұйымдар мен лауазым иелеріне тиісті нұсқамалар жіберді.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале