Орал қаласында мемлекеттік қызметтің ардагері Маржан Сұлтанованың мерейлі 80 жасқа толуына орай құрмет көрсетілді.
Маржан Есмағзомқызының қызметтік жолы ұстаздықтан басталып, мемлекеттік қызметтің биік баспалдақтарымен жалғасты.
Салтанатты рәсімге жиналған халық Маржан Сұлтановаға ақ тілектерін арнап, өткен өмір жолдарынан естеліктер айтты.
Жүректен шыққан ақ тілектерін арнаған ағайын-тума, әріптестер, достар қатарында сырымдық жерлестері, аудан өңірінде ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарған еңбек ардагерлері Гүлшат Сәлімгереева, Жұмағыз Түрікпенова, Гүлжан Қадесова, Мынатаубиік Әнесов тағы басқа да азаматтар болды.
Салтанатты кеште еңбек ардагері Маржан Сұлтановаға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Шынар Дүйсенғалиеваның атынан жазылған құттықтау хатты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев табыс етіп, иығына камзол мен шарқат жапты.
Көпшіліктің ұзақ қол соғып, құрмет көрсетулерімен мемлекеттік қызметтің ардагері Маржан Сұлтанованың өңіріне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің атынан «Батыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері»төсбелгісі тағылды.
Сырым елі