20.06.2024, 15:30
Оқылды: 100

Жәнібекте 563 техниканың 62%-ы техникалық байқаудан өтті

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімі Тимур Шиниязовтың төрағалығымен кеңейтілген лездеме өтті. Оған мекеме-ұйым басшылары, ауыл әкімдері қатысты.

00286C3E-EB18-4C55-81EF-617477309749

Отырыста алдымен жазғы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу және төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі шаралар мен дала өрттерін алдын алу туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Серік Алтаев баяндады.

Оның айтуынша, аудан аумағында табиғи өрттен қорғау жөніндегі аудандық іс-шаралар туралы №41 қаулы бекітіліп, қосымшалар негізінде іс-шаралар жоспары мен штаб құрамы, қажетті жанар-жағармай мен аспалы өрт сөндіршітерге қаражат қарастырылған.

– Аудан аумағында болған өрттер мен дала жануларына жұмылдырылатын күштер мен құралдардың кестесі бекітілді. Аудан аумағындағы ауыл шаруашылық техникаларды техникалық байқаудан өткізу барысында, тіркеуде тұрған 563 бірлік техниканың 62 пайызы техникалық байқаудан өтті. Байқаудан өтпеген техникаларды пайдалануға тыйым салынады. Жәнібек және Борсы ауылдық округтеріне 2 МТЗ-1221.1 тракторы мен «Водолей ПКП-4» өрт сөндіру тіркемесі, сонымен қатар жану мен өрттерді жоюға әрбір ауылдық округке 500 литрлік бөшкелер пайдалануға берілді. Жақсыбай, Ақоба және Қамысты ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттері ашылып, аталған бекеттерге арнайы өрт сөндіру автокөліктер беріліп, қазіргі таңда жұмыстар жасалып жатыр.

68D490BE-46BC-4497-BF58-E9DCE5683D61

Сонымен қатар 9 дана автомойка, 35 дана аспалы өрт сөндіргіш алынып, ауылдық округтерге таратылды. Сондай-ақ қосымша жылжымалы су сорғыш пен аспалы өрт сөндіргіштер алу жоспарда бар. Түсінік жұмыстары жүргізілгенмен аудан аумағында дала жану мен дала өрттері болып отыр. Мысалы 2023 жылы бір дала өрті болып, 90 гектар жер жанып кетті. Ал 2022 жылы 2 дала өрті орын алып, 1 080 гектар жер өртенді, - деді Серік Қыдырашұлы.

Сонымен қатар террористік тұрғыдан осал объектілердің жағдайы туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мейрамхан Бапақов айтып өтті.

Орынбасардың айтуынша, Жәнібек ауданы көлемінде террористік бағытта 21 нысан осал объектілер қатарына есепке алынды.

Террористік тұрғыдан осал объектілер санатындағы, халық көп жиналатын аудандық ауруханаға тексеру жүргізу барысында терроризм қаупі туындаған немесе орын алған жағдайдағы іс-қимыл жөніндегі жадынамасын аталған мекеменің күзетшісі білмейтін болып шықты.

53DE803B-3B63-475B-92D6-CBC89A96EC6C

Сонымен қатар кезекшіліктегі күзетші өзінің атқарып отырған жұмысы қосымша екені анықталды. Яғни ҚР Үкіметінің қаулысының талаптарын өрескел бұзып отыр деген сөз.

Аурухана адам көп жиналатын орын болғандықтан аталған мекеменің күзет қызметкері келіп кететін барлық тұрғынды қатаң бақылауға алып, журналға тіркеп отыру қажет. Алайда күзетші күзет орнын тастап, өзінің негізгі қызметімен айналысып жүргені анықталды. Өзімен бірге қызметтік куәлігі болған жоқ. Кезекшілікті қабылдап-тапсыру журналын «Кезекшілік кезінде кемшіліктер болған жоқ» деп бірнеше күн бұрын қол қойып, тапсырған екен.

Мейрамхан Темірханұлы аталған мәселе бойынша терроризм қаупі туындаған немесе орын алған жағдайдағы іс-қимыл жадынамалары негізінде оқыту жұмыстарын ұйымдастыру керектігі жөнінде ұсынысын айтты.

Жиын соңында Тимур Серікұлы жаз мезгілінде дала жанулары мен өрттер болған жағдайда тиісті органдарға хабарлап, шұғыл әрекет етіп, өрттердің кең көлемде таралуына жол бермеуді, күннің қатты ысыған уақытында шаруа қожалықтарына шөп шабу жұмыстарын тоқтату туралы хабарлама беруді, жаз мезгілінде техникалық байқаудан өтпеген ауыл шаруашылық техникалардың жүрмеуін қадағалауды ұйымдастыру керектігін, сонымен қатар террористік қауіп туындағанда қабылданатын іс-қимыл бойынша жадынаманы қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бейне камералардың жұмыс жасауын бақылауда ұстау қажет екенін қаперге беріп, лездемені қорытындылады.

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале