21.06.2024, 11:46
Оқылды: 148

Ақжайықта ұстаз Сандуғаш Алмамбетованы еске алу турнирі өтті

«Ақжайық» спорт кешенінде педагог-ұстаз Сандуғаш Алмамбетованы еске алуға арналған әйелдер күресінен 2009-2011 жылы туған және 2012-2014 жылы туған кіші жасөспірім қыздар арасында ашық облыстық турнир өтті.
IMG_1642
Жарыста Солтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал қалалары, Тасқала және Ақжайық ауданы командалары сынға түсіп, өзара бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Ғиззатов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының орынбасары Мирболат Нұржанов және марқұм С.Алмамбетованың жолдасы, достары келген қонақтарды қошеметтеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Франциясының астанасы Париж қаласында өтетін Олимпиада ойындарына еркін күрестен қатысатын 86 келі салмақ дәрежесінде Азамат Дәулетбеков, 97 келі салмақ дәрежесінде Әлішер Ерғали және 125 келі салмақ дәрежесінде Юсуп Батырмырзаев сынды облыс спортшыларының есімдері аталып, дүбірлі додада ел намысын қорғау мәртебелі міндет, салмақты жауапкершілік екені айтылды.
Айта кету керек, Сандуғаш Алмамбетова 1969 жылы Есенсай ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын Бітік орта мектебінде математика-информатика пәні мұғалімі боп бастап, директордың орынбасары, мектеп директоры болып жұмыс істеді.
Кейін Қабыршақты ауылдық округінің әкімі лауазымын, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта, техника және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы, Орал қаласының білім беру бөлімінің «Оқушылар сарайы» МКҚК-ның директоры қызметін абыроймен атқарды.
Жылдар жүзінде ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының, ұзақ жылғы білім жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегі үшін Орал қаласының білім беру бөлімінің, Батыс Қазақстан облысың білім басқармасының Құрмет
грамоталарымен және Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының алғысхаттарымен марапатталды.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 21 қарашадағы Жарғысы бойынша «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған.
Турнирдің қорытындысымен жеңіс тұғырына көтерілген балуан қыздарға ұйымдастырушылар
атынан медаль мен өзге де марапаттар табысталды.
Нұрбек Ихсан
Ақжайық ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале