Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Жәнібек ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аналар кеңесі, қоғамдық бірлестіктер, жастар, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Оған ауданның үкіметтік емес ұйымдары, яғни «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің, «Ақбастау»жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ұйым мен бірлестіктердің атқарып жатқан жұмысын атап өтіп, ауданда өтетін маңызды һәм мерейлі шараларға тоқталды.
Мәселен, биыл қоғам қайраткері Рахметолла Егізбаевтың 100 жылдығын, 2025 жылы дінтанушы, ғұлама ғалым Ғұмар Қараштың 150 жылдығын, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуын аудан көлемінде атап өту бойынша жоспарымен бөлісті.
Өз кезегінде Гүлжанар Болатқызы:
– Ауданға, соның ішінде ішкі саясатқа қарасты мекемелерді тексеруге емес, керісінше атқарылатын жұмыстардың орындалуына көмектесуге келдім. Қоғамдық даму басқармасы негізінен идеологияға жауап береді. Әр аудан бойынша идеологиялық паспорт жасақталды. Ішкі саясат болғандықтан жан-жақты бақылап, қарап отырамыз. Әсіресе, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі түрлі жалған ақпараттармен күресіп келеміз. Идеологияны жүргізетін, жалпы насихаттайтын ол зиялы қауым, - деді.
Кездесуден кейін Гүлжанар Болатқызы «Идеологиялық жұмыстардың аспектілері» тақырыбында мемлекеттік қызметшілермен жүздесті.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы