23.06.2024, 17:00
Оқылды: 141

Бөкейлік алқалы ананы құттықтады

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, "АМАNАТ" партиясы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бисен Кадыров сексен бесінші жазын қарсы алып отырған «Алтын алқалы» ана Рая Айтқалиеваның шаңырағына арнайы барып, мерейжасымен құттықтады.

IMG-20240620-WA0049

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, алғысхат пен сыйлығын табыс етті.

Өз кезегінде Лариса Қайырғалиева, Тілеген Арыстанбековтер де әжемізге Ақжарма тілегін арнады.

IMG-20240620-WA0028

- Әкем соғыстан оралмады. Ағайын жағалап, орыс жеріне барып, мал бақтық. Жаратып оқи да алмадық. Айттырып келген құдалардың жетегіне еріп жүре беріппіз. Анау соғыс жылдары анам болашақ қайын атамның қарауында жұмыс жасап, бұлық тартқан екен. "Анасын көріп, қызын ал" деген дәстүрмен құда түскен болар. Үлкендердің дегеніне еш қарсылық танытпастан көрмей-білмей азаматымның етегінен ұстадым. Ешкімнен кем емес тұрмыс кештік. Азаматым қарапайым еңбек адамы. Еңбегі еленіп, Мәскеу көрген озат еді. Жеті баланы аяғынан тұрғыздық. Шүкіршілігімізден жаңылмадық. Қазір жағдай жақсы, бәрі бар, бірақ сол біздің кезіміздегі шүкіршілік пен қанағат жоқ. Самауырыны суымайтын үй едік. Қазір көрші түгелі, ағайын араласпайтын заман болды. Уақыт жоқ дейді. Уақыт емес, ниет жоқ,- деп Рая әжеміз бір көргеннен жарасымды әңгімесін де айта отырды.

- Еліміз тоқ, бірлігіміз мығым, тірлігіміз келісті, ұрпағымыз парасатты болсын, - деп тілегін айтып, қонақтарға ризашылығын білдірді.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале