Ақжайыққа Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған Батыс дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілдері, күміс көмей әнші-термешілер келіп, аудан жұртшылығына дәуірдің өзі екшелеп алған ән өнерінің жауһарларын ұсынды.
Аудандық мәдени-демалыс орталығы сахнасы шымылдығын алдымен «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Ернар Өмірәлі Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем Қазақстан» әнімен ашты. Шара тізгінін белгілі күйші Дәулеткерей Құсайынов ұстап, жиналған тыңдарманмен емен-жарқын сұхбат құрып, әр ән мен күйдің қысқаша тарихына тоқталып, концерттің мазмұнын әдемі аша түсті.
Керемет кешке қатысып, өнер көрсеткен дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов, республикалық әнші-термешілер байқауының жүлдегері Бейбіт Қажығалиев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов, республикалық конкурстардың лауреаты Ақмарал Кемелханова, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Сәуле Таудаева, дәстүрлі
әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жалпақталдық Ернар Өмірәлі, ҚР Мәдениет қайраткері Асхат Оразов, Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы республикалық ән байқауларының лауреаты Серік Әбдірахманов, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, дәстүрлі әнші Жақсылық Исламғалиев, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ақын Қатимолла Бердіғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров Мұхиттың, Ғарекеңнің әндерін нақышына келтіре орындап, әнсүйер қауымды қуанышқа кенелтті.
Осылайша, ұмытылмас әсер сыйлаған әдемі кеш барысында танымал дәстүрлі әншілердің орындауында «Зәуреш», «Ақиіс», «Айнамкөз», «Ағайша», «Үлкен Айдай», «Ақжайық», «Сүйген жар», «Кел, құрбым» және тағы да басқа әндерге зал толы көрермен ұзақ қол соғып, тебірене тыңдап, құлақ құрышын қандырған әншілерге гүл шоқтарымен ықыласын білдірді.
Жобаны бастап келген «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолла аудан жұртының дәстүрлі әнге деген ерек ынтызарлығына сүйіспеншілігін жасырмай, ризашылығын білдірді.
Кеш соңында аудан әкімі Мұрат Сердалин күміс көмей әншілерге Жұбан елі жұртшылығы атынан алғыс айтып, сөз сөйледі.
– Өнер – мәдениеттің айнасы, елдің басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болмақ. Өнердің үздік жетістіктерін насихаттау, жас дарындарды қолдаумен қатар көрерменге рухани ләззат сыйлаған сіздерге Ақжайық жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін, - деді ол.
Аудан басшысы меймандарға алғысхат пен Жұбан Молдағалиевтің кітабын табыстап, Жұбан ақынның келбеті таңбаланған кілемшені сыйға тартты.
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы