26.06.2024, 17:45
Оқылды: 302

Ақсай қаласында әнші Сансызбай Сұлтанғалиевтің концерті өтті

Шыңғырлау өңірі әнді, сәнді жер! Сәнді болатыны табиғаттың өзі көркін аямаған жасыл белесі, жон-қырқасы, қыран қонақтар биігі көп мекен. Әнді болатыны осы табиғат сұлулығын өлеңіне өзек еткен, әніне сөз қылған өнерпаз ұл-қыздары да жетерлік.

Сансызбай концерт1

Жуырда ауданның өнерпаз перзенті, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші  Сансызбай Сұлтанғалиев Бөрлі ауданы Ақсай қаласының төрінде өз шығармашылығынан «Өнерім – өмірімнің өрнегі» атты концерт берді.

Ақсай аспанын әуенге бөлеген «Шыңғырлауым», «Шыңғырлау вальсі», «Шыңғырлауым – шаңырағым», «Торыатбасым», «Жер бетіндегі жұмағым», «Бақ құсым», «Шағалалар», «Әке» әндері қала тұрғындарын орталық саябаққа толтырды.

Туған жерге деген махаббат, елге деген сағыныш пен анаға құрмет, әкеге тағзым, сүйген жарға деген сүйінішке толы әндердің бірінен соң бірі шырқалып, жиналған жұрттың көңілді биі, ыстық қошаметіне ұласып жатты. Жаңғырған әннің дабысы ақсайлықтардың көкірек пернесін тап басып, қала тұрғындары шараның ерекше тартымды екенін айтты.

Шындығында да әнші репертуарындағы қай ән де сөзі мен әні үйлескен, орындалуы тамаша, үлкен сахналарға еркін шыға алатын әндер.

Әр әннің тарихынан сыр шертіп, таныстыра отырған әнші негізгі шығармашылық қолдаушылары шыңғырлаулық Қайрат Темірғали, Қаршыға Асу, Самат Байболат, Жұмаберген Оспанов сынды жерлестері мен көршілес Сырым ауданының өнерпаз ұлы Алмас Елшібеков екенін мақтанышпен атап өтті.

Сансызбай концерт3

Тәңірі талантты таңдайына берген қос бала Торатбас тауы баурайынын түлеп ұшқан балапан әншілер еді, бірі – жарқырап жанып, өмірден өтіп кете берген Ұзақбай Сұлтанғалиев болса, екіншісі – інісі, бүгінде сол өнер көшін жалғастырушы Сансызбай інісі болатын.

Сансызбай – бұл күні қанаты қатайған, ірі байқауларда бақ сынап, өмірдегі өнер керуенінің талай сынынан өткен тәжірибелі өнерпаз. Бұған дәлел облыс басшысының «БҚО-ның үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері атануы дер едім.

Өнер сахнасында ширек ғасыр қызмет еткен әншінің шығармашылығына қала тұрғындары аса тәнті болды.

Шырайлы шараны Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене-шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Олжас Сейтимов түйіндеп, осы ән кешін қолдаған Бөрлі ауданы әкімі Еркебұлан Нұриддинұлы Ихсановқа, Бөрлі ауданы мәдениет бөлімі басшылығына, ауданның өнер қызметкерлеріне және кешті қолдап келген Ақсайлық өнер сүйер ағайынға Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан алғыс білдірді.

Алдағы уақытта әншінің осындай форматтағы концерттері БҚО аудандарында жалғасын тауып, жыл соңына қарай Орал қаласында қорытындыланатын болады.

Қаршыға Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале