27.06.2024, 10:30
Оқылды: 207

Вице-премьер БҚО-дағы құрылыс барысымен танысты

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында және Орал қаласында болып, су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қарқыны мен сапасын тексерді.

6680BA2C-3A9A-465D-802B-88FCCC0F98B3

Аудан-ауылдарды аралап келген премьер-министрдің орынбасары құрылыс жұмыстары туралы ақпарат құралдары өкілдеріне өз ойымен бөлісті.

– Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылында «Ақжайық» қоры есебінен 2,8 млрд теңгеге 90 типтік тұрғын үй салынуда. Тұрғын үйді тамыз айында тапсыру жоспарланған. Қоржын ауылында құрылыс жұмысы баяу жүруде. Құрылыс қарқынын күшейту үшін жұмысшылар санын екі есе көбейту керек. Сырым ауданындағы Жымпиты, Өлеңті ауылдарында  құрылыс біршама қарқынды жүріп жатыр. Өлеңті ауылында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 1,1 миллиард теңгеге 36 типтік тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры Жымпиты ауылындағы 42 үйдің құрылысын 1,3 млрд теңгеге қаржыландырған еді.

Қала маңындағы саяжайларда су кеуіп болмағандықтан бағалау жұмыстары сәл баяулау жүргізілді. Дегенмен қазірдің өзінде 3 мыңға жуық жалғыз баспанасы бар тұрғын анықталды. Қазіргі күнде олар үшін қала шетіндегі Жұлдыз, Деркөл, Зашаған шағынаудандарынан 400-ге жуық  жер үйдің  құрылысы басталды. Бұл жұмыстар әркез біздің назарымызда, - деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.

Орал қаласының іргесіндегі  Деркөл кентінде су тасқынынан жапа шеккендерге арналып,  103 типтік тұрғын үй бой көтеруде. Қызыл таспен өріліп, салынып жатқан әдемі үйлер күзде тұрғындарға берілмек. Құрылыс алаңына арнайы барған вицепремьер Қанат Бозымбаев құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, ең бастысы, үйлердің сапасына мән беру қажеттігін қадап айтты.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің берген мәліметі бойынша, құрылыс жұмыстарына 32 мердігер тартылған.

8644ED52-812B-422F-80BE-63CD8536FA14

Вице-премьер Батыс Қазақстан облысына көмек көрсету үшін еліміздің оңтүстік өңірлерінен қосымша күш пен құралдар жіберілгенін айтты. Қажетті құрылыс материалдары жеткілікті.

Жалғыз баспанасы суға кеткен саяжай тұрғындарына қала орталығынан жаңа пәтерлер беріліп жатқаны мәлім. Сәрсенбінің сәтті күні 15 отбасы жаңа үй иесі атанып, вице-премьерді шашу шашып қарсылады. Қанат Бозымбаев «Азимут» тұрғын үй кешені салған көпқабатты үйдің кілтін тапсыру рәсіміне қатысып, жаңа қоныс иелерін арнайы құттықтады. Су жаңа пәтердің кілтін қолға алған пәтер иелерінің 7-еуі көпбалалы отбасы екен. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бұл тұрғын үй кешеніндегі 71 пәтердің барлығы су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына беріледі. Зардап шеккендерге арналған пәтерлер демеуші – «AstanaMotors» ЖШС есебінен жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге сатып алынған.

Қазір Орал қаласы мен облыстардағы құрылыс нысандарында 300-ден астам техника мен 2 мыңға жуық адам еңбек етуде.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале