«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген қазақ даналығының әрі берік ұстанымының өз күшінде екендігі дәлелденді. Әбден талқыға түсіп, халықтың ашуын келтірген «Барбастау–Ақжайық–Индер» тасжолының 43-93 шақырымын қайта жаңғырту жұмысын жауапкершілігіне алған «Uniserv» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Дінмұхамед Сәтбаевты тұрғындар арнайы шақыртып, нақты талаптарын қойды.
Жол бойына жиналған жұртшылықтың сөзін халық қалаулылары құптады. Жандарын шүберекке түйіп, жол жаққа елеңдеп жүрген Шағатай ауылының тұрғындары ойдым-ойдым һәм шұрық тесік жолды жасауға міндетті мердігер компанияның жұмысшыларын көрмеген.
Аудандық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссияның төрағасы Әлжан Нұрғалиев, партияның аудандық филиалы атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, аудан депутаты Руслан Сәлімұлы, Шағатай ауылының әкімі Рүстем Мүтиев мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Нақтырақ айтсақ, аталған шақырымды ел игіліне тура бір айдан кейін беруге уәде берген компания қыркүйек айына дейін жолдың барлық шақырымын аяқтаймыз деп отыр. Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әлия Қабенова жағдайға түсінік беріп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатаң бақылауында екендігін ескертті. Ауыл тұрғыны Гүлшат Керей 4 жыл бойы жол азабын тартып келген ағайынның атынан сөйледі.
– Тіпті жасалынған жолдың өзі тегіс емес. Былтыр ғана төселген асфальт бүгін адам шошырлық күйде, - деп жол сапасын сынға алды.
Сондай-ақ ол 52 күн бұрын кездесуден еш нәтиже шықпағанына налып, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігіне арыз түсірген. Жауаптылар су тасқынын алға тартып, қалпына келтіру үшін қам қылатындарын айтты.
Өз кезегінде Әлжан Жақсыгерейұлы тамыз айында қайта бас қосып, жұмыс барысын ел болып тексеруге шақырды. Халық қалаулыларының ел ойындағысын дөп басып, маңызды да өзекті жолға назар аударғандары сенім шырағын қайта жақты.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы