3.07.2024, 12:00
Оқылды: 238

Теректіде 6 215 бала лагерьге барады

Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Үш ай демалыста балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады.

4B598C08-D410-49AE-A8FF-A06360E7E4DB

Демалысқа шыққан олардың бірі жазғы лагерьлерде  демалса, енді бірі қала аралап, саяхаттағанды ұнатады. Қалай десек те, жаз бойы балалардың көзден таса болмай, уақытты тиімді өткізуіне тек мектеп қана емес, ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет.

Оқушылардың дені өздері оқитын мектеп жанындағы лагерьлерге баратыны белгілі. Лагерьге келген балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелерге қанығады.

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп» келетін жаз мезгілін балалар сағына әрі асыға күтетіні әмбеге аян. Уайымсыз, қамсыз балалық шақтың қуанышын еселей түсетін жаз күндерін теректілік балғындар қызықты өткізуі үшін ауданда жағдай жасалған. Жазғы демалыс лагерінің ұйымдастырылуы туралы аудандық білім беру бөліміне сұрау салдық.

– Теректі ауданы бойынша 35 білім ошағының мектеп жанындағы лагерь және Шалқар ауылдық округіне қарасты Сарыөмір ауылында аудандық «Жасұлан» лагері жұмыс жасауда. Мектепшілік лагерьге баратын оқушы саны барлығы 6 215 баланы құрайды. Былтырғы оқу жылы бойынша 4 150 оқушы демалысын жазғы лагерьде өткізді.

Аудандық «Жасұлан» лагеріне былтырғы оқу жылы бойынша 6 кезеңнен (1 кезең 5 күндік) 300 оқушы демалса, биылғы оқу жылы бойынша 6 кезеңнен (1 кезең 7 күндік) 300 оқушыны жазғы демалыс лагерімен қамту жоспарда. Оқушылардың демалыс күні 7 күнге ұзарып отыр. Қазіргі таңда мектептерде «Жасұлан» лагеріне 5-9 сынып оқушылары арасынан әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балалар қамтылады.

Сонымен қоса, қарғын судан зардап шеккен Подстепный мен Аңқаты ауылының бүлдіршіндері Орал қаласында орналасқан  «Дарын», «Атамекен» сауықтыру орнында демалады. Жапа шеккен отбасылардың балаларына арнап «Қазақстан халқына» қоры атынан 109 орын ұсынылды, - дейді Теректі аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Нұрперзент Бөлебай.

Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі жанынан «Зерде» жазғы демалыс лагері маусым айынан бастап жұмыс жасауда.

Лагерьде «Қолөнер», «Экостудия», «Ағылшын тілі», «Сурет салу», «Роботехника», «Аспаздық өнер» сынды бағыттар бар.

Демалыс лагерінде суреттер байқауы, «Школа творчества» «Экологический марафон», «Экологические викторины»,  «Мен кіммін?» интеллектуалдық ойындары өтті. Әр аптаның жұма күні балаларға «Кинотайм» көрсетіліп, аудандық мұражай мен балалар кітапханасына саяхат жасайды.

Күні кеше бұқаралық бөлім меңгерушісі Үміткер Орынғалиевтың ұйымдастыруымен «Зерде аруы  — 2024» байқауы өтті.

Байқауға кіші және ересек топтан алты ару қатысып, өз бақтарын сынады. Үш кезеңнен құралған сайыс таныстыру, өнерін көрсету, сән үлгісі аталымдары бойынша оздырылды. Бастауыш сыныптар арасында көрермен көзайымы болған  Айару Анесова I орынды жеңіп алды. Қатысушы Айзере Русланова мен Еркеназ Серік өзара екінші және үшінші орынды бөлісті.

Жоғары сыныптар арасынан қатысқан Анар Болат бас жүлдені иемденді. Ал Ақнұр Жанас пен Гүлім Қуанышбекқызының ұпай саны тең түсіп, қос ару да II орынмен марапатталды. Қыздардың байқауын бақылаған лагерь тәрбиеленушілері құрмет көрсетті.  Байқау жеңімпаздарына диплом мен тәтті сыйлықтар себеті ұсынылды.

9A8774B5-7935-44B3-9173-D90AFF0FA7B4

Орталықта өтетін барлық шараға белсене қатысатын Федоровка жалпы орта білім беретін мектебінің 2 сынып оқушысы Бақтияр Ермеғалиев:

—   «Зерде» жазғы демалыс лагеріне екінші рет қатысудамын. Маған лагерь ұнайды. Себебі өнерімізді көрсетіп, спорттық ойындарда бақ сынап, танымдық сайыстар қатысушысы боламыз. Достарыммен бірге келіп, жазғы демалысымды көңілді өткізудемін, - деді ол.

Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінде күндізгі «Балдаурен» жазғы демалыс лагері жұмыс жасауда.  Қазіргі таңда лагерьдің үшінші аптасы басталды. Демалыс лагерінің тәлімгері Нұргүл Ихсанова ұйымдастырылып жатқан шаралармен таныстырды.

– Алғашқыда демалыс лагеріміз 115 баламен басталды. Қазіргі уақытта 70 бала келіп жүр. Лагерімізге қатысушы балалардың сұрауымен апта сайын жоспар құрамыз.  Бір апта бір аптаға ұқсамайтындай етіп жасауға тырысамыз. Демалушылармен бірге кинотеатрға, ойын-сауық орталықтарына, қаламыздағы мәдени-демалыс орталығына бардық. Дәстүр бойынша әр апта «Лагерь ханзадасы» мен «Лагерь ханшайымы» анықталады, бүлдіршіндердің ой жүйрігі мен күш-қайратын жетілдіру мақсатында квест ойындар, интеллектуалды сайыстар да болып тұрады. Ойыннан бөлек балаларға «Қауіпсіз жаз», нашақорлықпен күрес, ғаламтор қауіпсіздігі сынды тәрбие сағаттарын өткіздік. Сонымен қатар мектеп ауласында «Көбікті кеш» өткізілді. Жазғы демалысын көңілді өткізуді қалап, бізге келген балаларға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. «Балдәуренге» келуші балалар көп, - дейді тәлімгер.

Балдаурен

Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінде «Жұлдыз» демалыс лагері жұмыс жасап тұр. Лагерь жалпы 435 баланы қамтиды, үшінші кезеңде  98 оқушы демалып жатыр.

– Күн сайын танымдық түрлі шаралар өтеді. «Біз бақытты баламыз» мерекелік концерт, «Денсаулық лигасы» эстафеталық жарысы, «Ертегілер еліне саяхат» балаларға ертегі көрсету, «Ұлттық ойындар», «Жас суретші», «Таланттар шеруі» заманауи би байқауы өтеді. Балалар бұл шараларға белсене қатысады, - дейді тәлімгер Айшат Аманжолқызы.

Лагерь тәрбиеленушілеріне арнап «Нашақор болмаудың 100 себебі» атты пікірсайыс турнирі өтті. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, оқушыларды зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауға, әлем дерті – нашақорлық ауруынан сақтануға, денсаулықтың қадірін түсінуге тәрбиелеу – дебаттың басты мақсаты.

Екі топқа бөлінген ойын барысында оқушылар жаман әдетке үйір болмаудың себебін айқындап, одан шығудың жолдарын қарастырды.

– Теріс жолға түсуге ең алдымен еліктеушілік алып барады. Жасөспірімдер өзің басқалардың алдында жоғары екенін көрсеткісі келіп, осы жолды таңдап кетулері бек мүмкін, - дейді ақжайықтық ақылды балалар. Шара соңында оқушыларға тақырыпқа сай жадынамалар таратылды.

Балнұр Қанаева

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале