3.07.2024, 21:00
Оқылды: 244

Бөкей ордасы ауданы: елге Нартай келді

Бүгін ауданға Бөкей елінің тумасы, ҚР Парламентінің мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысын аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева бастаған депутаттар, «Amanat» партиясы аудандық филиалының басшысы Жалғас Ташуов пен Бисен ауылдық округінің әкімі Кенжебек Құрмашев ауылдың кіреберісінен қарсылап алды.

IMG-20240703-WA0141

Алдымен Нартай Аралбайұлы Бисен ауылындағы мәдениет үйіне бас сұқты. Су жаңа ғимаратты аралап, мәдениет үйінің тірлігімен танысты.

IMG-20240703-WA0140

Бұдан соң «Өнеге-Бисен-Сайқын» жолының құрылыс барысымен танысып, жол құрылысына жауапты мердігерлермен тілдесті.

IMG-20240703-WA0143

– Өздеріңіз жақсы білесіз, жол құрылысы күрделі мәселе. Тасымалы бар, қиындығы көп шаруа. Өткен жылдары қаржы мәселесі қиындау болды, «жол құрылысына қажетті қаржы толық мөлшерде берілмей жатыр» дедік, биыл тиісті қаржы бөлініп тұр, енді жұмыс жасайтын мердігер жоқ. Жауапкершілігі жоқ, жосықсыз мердігерлерге тап болып, уақыттан ұтылып жатамыз. Жұмысты талапқа, жоспарға сай орындай алмаған мердігерді сотқа беріп, одан соң ре-тендер жариялап, өзімізді-өзіміз тұсап отырмыз. Мұндай абыройсыздық ешкімге опа бермесі анық. Сондықтан жұмысымызға жауапкершілікпен қарайық. Бұл шалғай жатқан аудан халқының көптен күткен қуанышы, үкілі үміті. Сұрау – сізден, үміт – бізден, – деді Нартай Аралбайұлы мердігерлерге.

IMG-20240703-WA0134

– Өткен жолы келген сапарымда ел ағалары осы мәселелерді көтерген еді. Жол құрылысының қаржысының толыққанды бөлінуі, құрылыс материалдарының теміржол арқылы тасымалына қатысты мәселелер бойынша депутаттық мәселелерді көтерген едім. Осы ауданның азаматы ретінде ауыл мәселелерін бір адамдай білемін. Перзенттік парызым ретінде аудан халқының мәселелерін үкіметтің назарына ұсынуға тырысып келемін. Геосаяси жағдайға байланысты көрші мемлекеттің қолданысына берілген полигонда толассыз сынақ жүріп жатыр. Соның да кесірінен болар ауданда сан түрлі ауру, атап айтқанда обыр дертіне шалдыққандар саны артып тұр. Осы орайда аудан халқына сауықтыру орталығы қажеттігін айтып, онколог, гематолог сияқты дәрігерлерді жолдануын мәселе ғып көтеріп отырмын. Жас дәрігер мамандардың ауылдық жерлерге баруы үшін көтермақы мөлшерін еселеуді өткен жылы көтерген едік. Ол мәселе біртіндеп жолға қойылып келе жатқан тәрізді. Киік мәселесі де назарымызда. Киік санын реттеу нәтижесін бермеді. Ниет дұрыс болғанымен қасапхана, киік етінің сақталымы, тасымалы сияқты іс-шаралардың дұрыс ұйымдастырылмағандығынан реттеу жұмысы аяқсыз қалды. Киелі жануар деп қара халықтың жағдайын елеусіз қалдыруға болмайтынын айтып, дәлелдеп бағып жатырмыз, – дейді халық қалаулысы елге келген сапары туралы.

Ұлпан Әнуарқызы, 

Сурет авторы: Эльдар Сатқанов

Бөкей ордасы ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале