4.07.2024, 14:30
Оқылды: 179

Шілденің шіліңгір ыстығында қалай сақтанамыз?

Мамыражай мамырдың соңғы күндеріне дейін созылған жанға жайлы ауа райы маусым келісімен мінезін күрт өзгертіп шыға келді. Алғашқы күндерден-ақ ыстық орнап, айдың соңына қарай райынан қайтып, жауын-шашынымен қуантты.

26C6DDBD-A9A3-466D-BA02-E93A98E0CFB3

Ал жаздың бел ортасы шілдеге қатысты синоптиктер соңғы он жылда болмаған ыстық орнайды деген болжам айтуда. Расында да, басталысымен-ақ термометрдің бағаны 35-ке дейін көтеріліп, алда одан да жоғары болатынынан уәде бергендей. Күннің қатты ысуының денсаулығымызға кері әсер ететіні белгілі. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер мен жүрек-тамыр аурулары бар науқастар қатерге көбірек бейім.

Шілденің шіліңгір ыстығында қалай сақтанамыз, қандай сақтық шараларын ұстануымыз керек – бүгінгі мақаланың мазмұны осыған арналмақ.

Бас киім. Қолшатыр. Көлеңке

Қазіргідей мезгілде, ең бастысы, ыстықтан қорғанудың негізгі шараларын қаперде ұстау керек. Денені күн сәулесінен сақтау үшін алдымен арнайы бас киім киген дұрыс. Бұл адамды күн өтуден сақтайды. Сондай-ақ қолшатырды да пайдалануға болады. Күн ыстық болған күндері жеңіл әрі бос, ашық реңкті, табиғи материалдан тігілген киім киген артық етпейді. Себебі қара түсті және синтетикадан жасалған киімдер денеге ыстық тартады.

Аптап ыстық әсіресе жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққан жандардың денсаулығына кері әсер етеді. Қан қойылып, жүректегі кінәрат асқынуы мүмкін. Осындай салдарды болдырмау үшін, мұндай науқастарға өздерінің саулығын мұқият қадағалау қажет. Басың айналды ма, тыныс алу немесе тамырдың соғысы жиіледі ме – демек, бірден көлеңкелі сая тауып, қоңыр салқын бөлмеге кіріп, қалыпты температурада су ішкен абзал. Егер жай-күйі тіптен нашарлап кетсе, киімнің жағасы, белбеуді босатып, бет пен кеуде тұсты сумен бүркіп жіберу керек.

Ең алдымен, әрине, күннің астында ұзақ жүрмеген жөн, сағат 12-ден 16-ға дейін, күн тас төбеден шағырайып тұрғанда, көшеге шықпай, сақтанса, тіптен керемет. Егер бұлай жасау мүмкін болмай тұрса, ең болмаса, әр сағаттың 10-15 минутында көлеңкеде демалып алыңыз.

Ыстық мезгілде қара жұмыс, ауыр салмақты көтеруден бас тарта тұрған жөн. Қан қысымы көтеріліп кетуі әбден ықтимал.

Диета және шипалы сусын

Жаздың аса ыстық күндерінде нутрициологтар ет пен май өнімдерін азайтып, көкөніс пен сүт өнімдерін тамаққа пайдалануға кеңес береді. Ең дұрысы – жеңіл асты бөліп-бөліп қабылдап, аскөк, ақжелкен, көкөніс, жеміс-жидектермен ауқаттану. Еттен жасалған тағамдарды балықпен алмастырған абзал, майлы сорпадан аптап басылмай тұрғанда, бас тарта тұру керек.

Сонымен қатар тұздың да мөлшерін азайтыңыз. Осындай мезгілде денсаулық үшін ең пайдалысы – буға, суға піскен картоп, жарма ботқалары, жаңғақтардың түр-түрі, жүзім, өрік пен асбұршақ

Қарапайым және минералды су, көк және қара шай, жалбыз, жөке, жебіршөп (чабрец) қайнатпасы, жидектен дайындалған сусындар жүрек пен қан тамырларына артық салмақ түсірмей, шөлді керемет басады. Қатты ыстықта тәтті газдалған сусындар, алкоголь, соның ішінде сыраны ішуге болмайды. Олар азғада судың шамадан тыс көбеюіне және артериалды қан қысымының көтеруіне әкеліп соғады.

Егер термометр бағаны +20, +22° көрсетіп тұрса, күніне 2 литр сұйықтық, ал 30°-дан жоғары ыстық болса, күніне 3 литрге дейін сұйықтық ішу керек. Мұншама сұйықтық біздің ағзамыздағы пайдалы минералдарды шайып жіберетіні анық, сондықтан олардың орнын толтыру үшін, дастарханыңыздан өрік, балғын көк пен жемістерді үзбеңіз.

Ыстық мезгілде қандағы холестериннің шамадан тыс көтерілуінің алдын алған жөн. Себебі холестерин тамырлардың бітеліп қалу қаупін арттырады. Қан қысымы жоғары адамдар дәрігердің рецептімен берілген дәрілерді үздіксіз қабылдау керек, өйткені аптапта жүрекке салмақ көбейіп, қан тамырлары жұқарып, әлсірейді. Артық салмақтан да арылуға тырысып көріңіз

Судан қауіп жоқ деме

Қатты ыстықта адамдар салқындау мақсатында су айдындарына шомылуға жиі барады. Алайда қауіпсіздік ережелерін елемеген азаматтар тек өздерінің ғана емес, балалары мен жақындарының өміріне қауіп төндіреді. Осыған  байланысты су айдындарында суға шомылу кезінде міндетті түрде қауіпсіздік ережелерін сақтап, тыйым салынған жерлерге суға түспеу керек екенін төтенше жағдай мамандары ескертеді. Аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Еламан Кенжеғалидің айтуынша, 2019 жылы 4 адам суға батып кетсе, 2020 жылы 6 адам, 2021 жылы 1 адам, 2022 жылы 2 адам, былтыр 4 адам қаза болған.

Маусым енді басталғанымен, өкінішке қарай, 1 адамның ажалы судан болды. Осындай келеңсіз оқиғалар қайталанбас үшін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, №6 жедел құтқару бөлімшесінің қызметкерлері адамдар шомылатын жерлерде рейд жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Су айдындарына жақын жүрген демалушылар мен жас балаларға судағы қауіпсізідік ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратылды. Биылдың өзінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 3 адамға ҚР ӘҚБтК-нің 412 бабы бойынша  хаттама толтырылған. Әрине, осы әрекеттердің мақсаты біреу ғана – ең қымбатымыз, адамның өмірін сақтап қалу.

– Суға шомылатын жерді, айналадағы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін шомылуға келген адам мұқият тексеріп алу керек, - дейді Еламан Болатұлы. – Рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылу қажет. Мас күйде айдын басына жоламаған дұрыс. Қазір ата-аналар балаларына үрленген жүзу құралдарын беріп, суға жіберіп қоя береді. Бұл құралдарға мүлдем сенім жоқ. Кез-келген уақытта желі шығып кетіп, бала судың ортасында қорғансыз қалуы мүмкін. Сондықтан балаңызды су айдындарына жалғыз жібермеңіз. Бірге барып, назарыңыздан тыс қалдырмаңыз. Шомылуға рұқсат етілген жерлерде судың ішінде қалтқылар орнатылған, одан асып жүзуге болмайтынын қаперден шығармаңыз. Жаздың ыстығында күнге және ыстық құмға қыздырыну, салқын суға шомылу жанға сондай жайлы. Өкінішке қарай, суда сақтау қажет қарапайым қауіпсіздік ережелерін шекесіне ілмеу орны толмас қайғы мен өкінішке әкеліп жатады.

Сондықтан біздің ескертулерімізді жадыңыздан шығармай, өз өміріңіз, өз амандығыңыз өзіңіздің қолыңызда екенін түйсініңіз.

Әлия Серікқызы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале