Бүгін Сарыкөл ауылында шағын футбол алаңының ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық мәслихат депутаты Қамбар Қаменов, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Шарафуддин мен ауыл тұрғындары қатысты.
800 шаршы метрді құрайтын нысанға 15 миллион теңге қаражат жұмсалған. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, келіндер ата салтымызға сай ағы мен нанын ұсынған шараның алғашқы сөз тізгінін иемденген Алпамыс Жаңабайұлы тұрғындарды спорт алаңының ашылуымен құттықтап, құрылыс жұмысын атқарған «KHAN GROUP» ЖШС-нің басшысы Дәулетхан Сейілбекұлына алғысхат табыс етті.
Одан соң жергілікті тұрғын Мәлік Темірбеков жерлестеріне айтулы күнде тілегін білдіріп, орайлы сәтте ауылішілік мәселелерді қозғап өтті.
Салтанатты жиынның лента қию рәсімі Алпамыс Жаңабайұлы мен Мәлік Темірбековке ұсынылып, әрмен қарай Сарыкөл мен Жаңажол ауылы жастарының футболдан жолдастық кездесуіне ұласты.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы